Қызылорда облысы өндіріс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалар бойынша республикада алдыңғы қатарда – Б.Сапарбаев

114

0

Қызылорда облысы өндіріс, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалар бойынша республикада алдыңғы қатарда - Б.Сапарбаев«Нұрлы жол» бағдарламасымен Қызылордада 3 мектеп, 1 балабақша салынады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысына сапары барысында айтты. Жалпы аталған бағдарлама аясында өңірдің құрылыс саласына 6 миллиард, әлеуметтік салаға 37 миллиард теңге қаржы бөлінбек.

Үкімет басшысының орынбасары алдымен Арал ауданындағы «Арал тұз» АҚ жұмысымен танысты. «Аралтұз» акционерлік қоғамы – аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі. Жылына 213 мың тонна тұз өндіреді. Оның 147 мың тоннасы – ас тұзы болса, 66 мың тоннасы – техникалық тұз. Бұдан бөлек, биылдан бастап кәсіпорында полимер өнімдерін өңдейтін цех іске қосылды.

Жаңа зауыттың іске қосылуы 800-ден астам адамды еңбекпен қамтыды.

Мұнан әрі жұмыс тобы «Қамбаш» балаларды оқыту-сауықтыру орталығында болды. Орталық жыл он екі ай жұмыс істейді және емдеу-сауықтыру үшін заманауи үлгіде барлық жағдай жасалған. Жыл бойында мұнда келіп-кететіндер саны 2000 оқушыны құрайды. Бұл орталық түлектердің ҰБТ сынағына дайындалуына үлкен мүмкіндік жасап отыр.

– Бұл құптарлық іс. Лагерьлердің үш ай жұмыс жасауы тиімсіз. Ал мұндай орталықтар жыл бойы жұмыс жасайды. Балалардың осында келіп демалуына, білім алуына, денсаулығын жақсартуына болады. Өзге облыстар бұны үлгі етуі қажет, – деді Б.Сапарбаев.

Қазалыға ат басын тіреген үкіметтік делегация әуелі «Қазалы» конфет цехына аялдады. Брендке айналған конфеттің өнім көлемін арттыру бағытында қазір көп жұмыс жасалып жатыр. Бұл бағытта үкімет тарапынан көрсетілетін қолдауды тиімді пайдалану қажеттігі айтылды.

Қазалы көлік-техникалық колледжі дуалды оқыту жүйесі негізінде бірнеше темір жол тораптарымен келісім жасасқан. Оқу ордасында зертханалық, тәжірибелік оқу бөлмелері соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Батыс Қазақстан және Қызылорда облысының темір жол тораптарынан осы колледждің мамандарына сұраныс жоғары.

Вице-премьер Сыр еліне сапары кезінде аудандарды аралап қана қойған жоқ. Өңірдегі ірі компаниялардағы жұмыс орындарын сақтап қалу бойынша атқарылып жатқан шараларды да пысықтап шықты. Облыс орталығында ірі компаниялардың басшыларымен кездесті.

Дағдарыс жағдайында жұмыс орнын қысқартпауға байланысты облыста кәсіпорындармен 1300 меморандум жасалды. Нәтижесінде 2 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны сақталып қалып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Жалпы Қызылорда «қара алтын» өндіру көлемі бойынша республикада төртінші орында.

– Өңірде көп өзгеріс бар. Ең негізгісі халықтың көңіл-күйі дұрыс. Қарны тоқ, тұрмысы жақсы болғанның белгісі бұл. Аудандарды аралау барысында тікұшақтан қарап отырмын, зәулім үйлер көп тұрғызылған. Ауылдардың өзінде үйлердің шатырлары жөнделіп, сырланған. Тіпті джиппен түйе бағып жүргендерді көрдім. Бұл тұрмыстың түзелгені. Ал мұнайға келсек, бір баррель 30 долларға түсіп кеткен кездер де болды. Ол уақытты да бастан өткердік. Бірінші тоқсанның қорытындысын қарап отырмын: өндіріс, ауыл шаруашылық, әлеуметтік салалар бойынша республикада алдыңғы қатардасыздар. Құрылыстың өзі 37 пайызға көбейген. Сондықтан жұмыла жұмыс жасау қажет. Бастысы қыстан қиналмай шықтық. Жұмыс орындарын қысқарту көп орын алған жоқ. Бұл бағыттағы шараларды жалғастыру керек, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Б.Сапарбаев.

– ҚР Президентінің өңірдегі өкілі ретінде мен кәсіпорындардың тиісті бюджет деңгейімен жұмыс көлемін қамтамасыз етуін және жұмыс орындарын қысқартпауын талап етемін. Мүмкін сіздер жұмыс уақытын қысқартатын шығарсыздар, бірақ қызметкерлеріңізді жалақысыз қалдырмаңыздар, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Бұдан соң Үкімет басшысының орынбасары Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету және Ана мен бала орталықтарында болып, жұмыс барысын көрді.

Айта кетейік, өңірде бала өлімі 34,7 пайызға азайып отыр. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 92,2 пайызды құрап отыр. Көрсеткішті жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Б.Сапарбаев сондай-ақ, жеке әріптестік негізде салынған «Шұғыла 2» балабақшасында болып, педагогтармен кездесті.

– Кейбір облыста балабақшамен қамту 50-55 пайыздан аспайды. Ал Қызылордада бұл мәселе оң шешімін тауып келеді. Әсіресе, мұнда жеке балабақша көп салынып жатыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі болуы керек. Ең негізгісі елдің ішінде тыныштық бар. Отанымызда 100-ден астам ұлт өкілі өмір сүріп жатыр. Бірлік пен ынтымақ болмаса, экономика дамымайды, – деді Б.Сапарбаев.

Осылайша Үкімет басшысының орынбасары сапар барысында облыста жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз