Қызылорда облысында 20 994 жүргізушінің куәлігі заңсыз алынған

47

0

Қызылорда облысында 20 994 жүргізушінің куәлігі заңсыз алынғанҚызылорда облысында 20 994 азаматтың жүргізуші куәліктері заңсыз алынғаны анықталып отыр. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметкері Ботагөз Сейіл хабарлады.

«Облыстық прокуратура ішкі істер департаментінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары тиімділігін тексеру барысында 20 994 азаматтың жүргізуші куәліктері заңсыз алынғанын анықтады. Бұлардың бәрі көлік құралын жүргізу құқығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауға жатпайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар болып шықты», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, прокурордың наразылығы бойынша әкімшілік жауаптылықтан босатылған 41 азаматтың әлі күнге дейін «Әкімшілік құқық бұзушылықтар және оларды жасаған тұлғалар туралы орталықтандырылған деректер банкінде» негізсіз жауаптылыққа тартылған тұлға ретінде есепте тұрғаны анықталды. Айталық, жол техникалық инспекциясы қалалық коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Н.Байменовтің және «Еуро-Азиая құрылыс корпорациясы «EVRASCON» ААҚ ҚФ инженері Е.Даржановтың әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгiлерi жоқ бола тұра, заңсыз жауаптылыққа тартылған.

Бұған керісінше, жол жүру ережелерiн үнемi бұзып отырған өзге жүргізушілерді әкімшілік жауаптылыққа тарту шаралары қолданылмаған.

Тексеріс барысында әкімшілік жаза қолдану туралы 11 қаулының орындалмауына қалалық ішкі істер басқармасы бастығы орынбасарының кінәлі екені анықталып, жинақталған құжаттар тиісті процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Бұл лауазымды тұлғаның теріс қылықтар жасаған қызметкерлерді тәртіптік жазадан негізсіз босатып жіберген фактілері де бар.

Сонымен қатар, тексеріс кезінде белгілі болғандай, облыс орталығында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған автокөліктердің тең жартысына жуығының жөндеуде тұрғаны, яғни жол-патрульдік полициясының толық көлемде қызметін атқармайтыны анықталған.

Осыған байланысты анықталған заңдылықты бұзушылықтарды және олардың орын алуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ кінәлі тұлғалардың қызметтеріне сәйкестігін қарау туралы облыстық ішкі істер департаментіне ұсыныс енгізілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз