Қызылорда облысында апатты мектептер мәселесі шешімін тапты

39

0

Қызылорда облысында апатты мектептер мәселесі шешімін таптыҚызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен
Жаңақорған, Шиелі аудандарында болды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің
баспасөз қызметінен.

Өңір басшысының тұрғындармен кездесуінде
бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Жаңақорған ауданына қарасты
Төменарық ауылдық округінің тұрғындары елді мекенге жаңа мектептің
қажеттігін жеткізіп, осы проблеманы назарға алуын сұрады. Аймақ басшысы
апатты жағдайда деп танылған №223 мектепке жаңа ғимарат жыл соңына дейін
салынатынын мәлімдеді. Жаңа білім ұясының жобасы әзірленіп, тиісті
құжаттары рәсімделген. 300 орындық мектеп жоспар бойынша жұмыстар жыл
соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жаңақорған ауданындағы Аққорған ауылдық округінде
де жаңа мектеп бой көтереді. Бұл ауыл тіректі елді мекендердің тізіміне
енген. Сондықтан тұрғындардың әлеуметтік ахуалына көп көңіл бөлініп
отыр. Жаңа мектеп ғимаратымен қоса емхана құрылысы да жүргізілетін
болады.

Биыл 101 жасқа толған Жүніс Қабетеновтің жаздың
күні үйі өртеніп, аймақ басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлер мен
жергілікті әкімдіктің қолдауымен жаңа баспана салынып берілген болатын.
Ауданға жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Ұлы Отан соғысының
ардагері, Жүніс Қабетеновтің үйінде болып, қарияның жағдайын біліп,
естеліктерін тыңдады.

Манап ауылындағы табиғи су қоймасына биыл 1,8 млн.
текше метр су жиналған. Егер тоғанның айналасы қоршалса, 3 млн. текше
метрге дейін су жинауға болады. Бұл өз кезегінде ауыл халқының
бау-бақшасын суаруда тапшылық көрмеуіне септігін тигізер еді. Сондықтан
облыс әкімі бұл мәселені де назарға алатынын жеткізді.

Дәл осы күні Жаңақорғандық жастар Тәуелсіздіктің 25
жылдығына арналған ауқымды шара өткізді. Оған облыс әкімі қатысып,
жаңақорғандықтарды мерекемен құттықтады.

– Тәуелсіздіктен асқан құндылық жоқ. Оған қол
жеткізу қаншалықты қиын болса, оны сақтап қалу да оңай емес. Бұл –
біздің парызымыз. Жаңа ғасырдың жаңа шақыруларына, өзгерістеріне ілесе
жүріп, жаңашылдық таныту, білімділік көрсету керек. Сонда ғана өз
мойнымыздағы жүкті еркін көтереміз, ата-баба армандаған еркіндігімізді
баянды етеміз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Шиелі ауданында да болып, жөндеу
жұмыстары жүргізіліп жатқан «Н.Бекежанов» атындағы мұражай жұмысын
көріп, аудан тұрғындарымен кездесті.

Шиеліге қарасты Телікөл ауылдық округінде де биыл
жаңа мектеп пайдалануға беріледі. 300 орындық білім ұясының құрылысы
жүргізіліп жатыр. Ескі ғимараты апатты деп танылған бұл мектеп мамыр
айында іске қосылады. Сонымен қатар, елді мекеннің ауыз су, жол мәселесі
де түбегейлі шешімін тапқан. Тұрғындардың өтініштерін тыңдаған аймақ
басшысы барлық мәселе кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз