Қызылорда облысында халықаралық форумы өтуде

45

0

Қызылорда облысында халықаралық форумы өтудеҚазақстан халқы Ассамблеясы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы аясында Қызылорда облысында халықаралық форум өтуде.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жарияланған халқымыздың «ұлттық кодын» тарихи сана арқылы сақтауға бағытталған халықаралық шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, шет ел және республикадан келген ғалымдар, өңірлік ҚХА хатшылығының меңгерушілері, «Қоғамдық келісім» КММ-і басшысының орынбасарлары, зұлмат жылдардың тарихын зерттеуші мамандар, репрессия және депортация құрбандарының ұрпақтары, Қоғамдық келісім кеңесінің өкілдері, барлығы 100-ден астам делегат қатысты.
Қуғын-сүргін жылдарының адам төзгісіз ауыртпалығы ешқашан қайталанбауы үшін, тарихи құндылықтарды сақтап, жастарға өткен тарихты ұғындырып, санасына сіңіру, қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту мақсатын көздеген форум 29 мамыр мен 1 маусым аралығында өтеді. Осымен сегізінші мәрте өткізіліп отырған халықаралық жобаның эстафетасын бұл жолы сырбойылықтар қабылдап алды. Форум қонақтары алғашқы қадамын киелі орынның қара шаңырағындай гүлге оралған сұлу Сырдың көрікті жерлерін аралаудан бастады.
30 мамыр күні жоғары оқу орындары, колледждер мен мекемелерде ҚХА мүшелерінің, ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамының, мұражай, кітапхана, архив қызметкерлері, кәсіпорын өкілдері, студент жастардың қатысуымен бейбітшілік сабақтары өтті. Мұнан соң, форум делегаттары Қызылорда облысы, Нағи Илиясов ауылындағы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмыстарымен танысты. Айта кететіні, тағылымды ісімен, еңбекқор тұрғындарымен танылған Сырдария ауданындағы Нағи ауылы – қазір Сыр өңірінің ғана емес, еліміз бойынша үлгілі елді мекен. Делегация мүшелері сол ауданның этносаясат бағытындағы жұмыстарынан да ақпар алды.
Шаралар легі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Теңдессіз сый» акциясымен жалғасты. Акция аясында кітапханаға ҚХА кітаптары табысталды және «Қазақстан тарихы. Құжаттар мен материалдар (1917–2012)» хрестоматиясының таныстырылымы (ҚР Президентінің Архиві) болды.

Облыстық Қазақстан халқы
ассамблеясының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз