Қызылорда облысында мәдени мұраға қатысты жобаларға қажет қаражат қысқартылмайды

57

0

Қызылорда облысында мәдени мұраға қатысты жобаларға қажет қаражат қысқартылмайдыҰлттық
рух пен сананы қалыптастыратын тарих пен мәдениет екенін білсек, бүгінгі күні
ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту, еліміздің туристік кластерін жандандыру,
тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен пайдалану шараларын тиімді жүргізу
бағытындағы мәселелер мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне
айналғанын атап өту қажет. Бұл Елбасы Жолдауларында да айқын көрініс табуда.

Бүгін Қызылорда
облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңестің
отырысы өтті. Оған облыс әеімі Қ.Көшербаев пен Кеңеске мүше тарихшы ғалымдар,
белгілі мәдениеттанушылар қатысты. Облыс аумағында жүргізілген археологиялық
қазба жұмыстары туралы айтылып, мәдени мұрамызды сақтаудың жолдары мен оны
насихаттау мәселелері талқыланды. Далалық комиссияның төрағасы Мадияр Елеуов
Сыр өңіріндегі Шірік-Рабат, Сығанақ, Жанкент сияқты ескі қалаларда жүргізілген
экспедициялық жұмыстар туралы баяндап, осы жұмыстардың қорытындысы ретінде бір
кітап шығаруды ұсынды.

– Археологиялық
қазбалар, түрлі экспедициялар көп. Бірақ ортақ жүйе жоқ. Сондықтан табылған
дүниелерді мұражайларға қою, олардың каталогтарын жасау жұмыстарды жолға қою
керек. Сыр өңірі тарихи бай өлке. Ұлы Жібек жолының бойында Қорқыт ата кесенесі
тұр, мұнан бөлек ескі қалалардың барлығы осында. Сондықтан осы байлықты сақтап,
келер ұрпаққа аман жеткізуіміз қажет, – дейді Кеңес мүшесі Мұрат Әуезов.

Кеңес мүшелері қара
экспедициялардың алдын алып, жою мәселесін қолға алуды ұсынып отыр. Өйткені
археологиялық қазбалар жүргізілетін аумақтардан тарихи жәдігерлердің ұрланған
фактілері жиі кезедеседі екен. Осыған орай Кеңестің келесі отырысы құқық қорғау
органдары мен ішкі істер мекемелерінің қатысуымен өткізілетін болды.

Күллі түркі әлеміне
ортақ Қорқыт ата мұрасы да бүгінгі Кеңестің тақырыбына арқау болды. Қорқыттың
нақты қай дәуірде өмір сүргендігі турасында ғалымдар арасында әртүрлі пікірлер
бар. Сонымен қатар, оның ұлтына қатысты да талас-тартыс көп. Осыған орай Кеңес
мүшелері барлығымыз жұмылып, Қорқыт атаға қатысты ғылыми негізге сүйене отырып
бір шешімге келу жөнінде ұйғарды.

– Ең алдымен облыста
мәдени мұраны қолдауға, жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларға қажет қаражат
қысқартылмайтынын мәлімдеймін. Бүгінгі күнге дейінгі
өткізілген мәжілістерде Сіздердің талқылауларыңызға маңызды жобаларды ұсынып,
нәтижесінде нақты шешімдерге қол жеткізген болатынбыз. Атап айтар болсақ, Кеңес
шешімімен Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Сауысқандық шатқалындағы жартастағы
бейнелер кешенін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Табиғи және Мәдени мұралар тізіміне
енгізу жұмыстарының ғылыми құжаттамалары әзірленді. Ал Қорқыт атаға
қатысты мәселелерде біз өз тарапымыздан қолдау көрсетуге және бірлесе жұмыс
істеуге дайынбыз, – дейді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Ендігі
кезекте облыс музейлерінің қорын сирек кездесетін құнды жәдігерлермен толықтыру
үшін Ресей мұражайларында сақтаулы тұрған Сыр өңірі тарихи-мәдени
құндылықтарының көшірмелерін және иллюстрациялы альбом-каталогын жасату
жұмытары қолға алынбақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз