Мотоцикл жүргізушілеріне ескерту жасалды

57

0

Мотоцикл жүргізушілеріне ескерту жасалдыҚызылорда облысының солтүстік аудандарында мотоцикл пайдаланушылардың қатары көп.
Ықшам, шығыны аз көлік құралы шаруаға өте ыңғайлы. Дегенмен жергілікті тұрғындар қауіпсіздікке аса мән бермейді. Осы ретте Қазалы аудандық прокуратурасы мотожүргізушілерді тәртіпке шақыруда, деп хабарлайды 24.kz.
Арал, Қазалы аудандарында әр 2 үйдің бірінде мотоцикл бар десек қателеспейміз. Тұрғындар шағын, жеңіл көлікті егінге, мал бағуға, жүк тасуға пайдаланады. Бірақ мініске жақсы, шаруаға жарап тұрған мотокөліктердің көбісі тіркелмеген. Мемлекеттік нөмірлері де жоқ. Жас-кәрі бәрі де құдды велосипед секілді еш құжатсыз айдап жүре береді. Сондықтанда жол көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Мәселен, өткен айда Қазалы ауданында мотоциклдің қатысуымен 4 апат орын алып, 2 адам көз жұмған.
 
Самат Садықов, Қазалы аудандық ІІБ инспекторы:
– Соңғы аптада 22 мотокөлік құралын құжатсыз басқарғаны үшін айып алаңына қойылса, оларға әкімшілік кодекстің 470-бабының 2-бөлігімен 27780 теңгеден айыппұл салынып отыр.
 
Аудан көлемінде жыл басынан бері мас күйінде көлік басқарған 108 азаматқа тәртіптік шара қолданылған. Соның ішінде 18 мотошабандоз ішімдікке сылқия тойып, ауыл көшелерін шаңға бөктіріп, құйындатып жүрген жерінен ұсталған.
 
Ғалым Едігеев, Қазалы ауданының прокуроры:
– ІІБ-ге мотокөлік иелеріне арнайы жадынама дайындау жөнінде нұсқама беріп отырмыз. Жадынамада қандай талаптар сақталу қажет, сақталмағаны үшін қандай жауапкершілік, санкция көзделгенін көрсетуді талап етіп отырмыз. Соны әрбір мотокөлік иесіне тапсыруды жүктеп отырмыз.
 
Қазірде аудан прокурорлары ІІБ қызметкерлерімен бірлесе рейдтер ұйымдастырып, жүгенсіз жүргізушілерге қарсы күресті күшейтуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз