Қызылорда облысында жанар-жағармай тапшылығы болмайды

43

0

Қызылорда облысында жанар-жағармай тапшылығы болмайдыОблыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы
Тельман Сүлейменов аймақтағы жанар-жағармай бағасына қатысты брифинг өткізді. Оның
айтуынша, басқарма тарапынан бағаның шекті мөлшерден асып кетпеуі қатаң
қадағалануда және жағдайды толық бақылауға алу үшін жанар-жағармай саудасына
қатысты мониторинг күнделікті жүргізіліп келеді, деп хабарлайды «Сыр бойы» газеті.

– 18-қыркүйектегі жүргізілген
мониторинг мәліметтеріне сәйкес, облыста АИ-92 маркалы бензин – 128 теңге,
АИ-80 – 89 теңге, дизель отыны – 115 теңгені құрап отыр. Облыста мұнай
өнімдерін бөлшек саудада сататын жалпы 121 жанар-жағармай құю бекеті бар. Оның
ішінде Қызылорда қаласында орналасқан 56 бекеттің 41-і тұрақты жұмыс істеп тұр.
Қалғанында жөндеу жұмыстары және басқа да себептерге байланысты бензин
сатылмайды. Ал «ҚазМұнайГаз» компаниясының облыс аумағында орналасқан 10
жанар-жағармай тарату бекетінде (Қызылорда қаласында 5 бекет) АИ-92, АИ-95
маркалы бензиндері талон негізінде сатылуда. Жалпы, облыстағы барлық
жанар-жағармай бекеттері бағаны шекті мөлшерден асырып жатқан жоқ, – дейді
Тельман Сүлейменов.
 Биылғы жылға ҚР Энергетика
министрлігінен ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және
жанар-жағармай бағаларын тұрақтандыру бойынша бөлінген мұнай өнімдерін облыста
тарататын 15 оператор белгіленген. Қазіргі таңда облыста министрліктен бөлінген
мұнай өнімдерін жеткізуші 3 қор ұстаушы компания және белгіленген 15 оператор
арқылы тиісті жұмыстар жүргізілуде. 
– 18 қыркүйектегі облыстағы мұнай
өнімдерінің қорына тоқталар болсақ, АИ-92 маркалы бензині 3203,4 тонна, АИ-80 –
1329,5 тонна, дизель отыны – 3713,7 тонна. Бұл қор шамамен он шақты күнге
жетеді, – деді басқарма басшысы.
Осы ретте, қыркүйек айынан кейін
жанар-жағармай тапшылығы болмай ма деген заңды сауал туындайды. Ал Тельман
Сүлейменов тапшылық болмайтынын жеткізді. Осы мәселеге байланысты
«ҚазМұнайГазӨнімдері» серіктестігіне Башқұрт Республикасынан жалпы 660 тонна
АИ-92 маркалы бензинін импорттау жоспарланған. Оның 180 тоннасы келді, қалғаны айдың
аяғына дейін толық жеткізілетін болады.
Бұдан бөлек, биыл қазан айында Шымкенттегі
мұнай өңдеу зауытында (ШНОС) жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуі
тиіс болатын. Дегенмен, қазіргі таңда республикамызда мұнай өнімдерінің
тапшылығына және шетелдерде мұнай бағаларының өсуіне байланысты зауыттағы жөндеу
жұмыстарын жүргізу кейінге шегерілді.
«Бензин тапшылығының алдын алу
үшін біз үнемі министрлікпен ақылдасып, бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Биыл
қазан, қараша айларында оңтүстік өңірлер, оның ішінде Қызылорда облысының мұнай
өнімдеріне деген сұранысын «ШНОС» мұнай өңдеу зауыты толықтай қанағаттандыратын
болады», – деп атап өтті басқарма басшысы.
 Оның айтуынша, әр сенбі, жексенбі
күндері басқарма қызметкерлері облыстағы мұнай өнімдерінің бағаларын бақылау
үшін жанар-жағармай құю бекеттерін аралайды. Сонымен бірге, мұнай өнімдерін
бөлшек саудада сататын компания басшыларына бензин бағаларының себепсіз өсуіне
және жасанды тапшылыққа жол бермеу керектігі түсіндірілуде. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз