«Қызылорда Оптомаркет» сауда орталығы ашылды

157

0

«Қызылорда Оптомаркет» сауда орталығы ашылдыҚызылорда қаласында азық-түлік және азық-түлік емес тауарларына баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, жаңадан ірі сауда орындарын ашу үшін жергілікті және сырттан инвесторлар тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде қала мөлтек аудандарының бірінде  «Қызылорда Оптомаркет» сауда орталығы ашылды.
Сауда орталығының ашылу салтанатына арнайы қатысқан қала әкімі Н.Нәлібаев: 
– Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында, ел экономикасына басты серпін беретін – шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Елбасы айтқандай: «Күшті бизнес – мықты мемлекет». Тұрғындарға жайлы да сапалы сауда орындарын ұсынып, қаламызда кәсіпкерлік нысандарының санын арттырып, жаңадан жұмыс орындарын ашып отырғаны үшін жоба басшылығына риясыз алғысымды білдіремін және жаңа бастамаларыңызға табыс, кәсіптеріңізге береке тілеймін.- деді.
Мұнан кейін, қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жаңадан ашылған сауда орталығының жұмысымен танысып, ел игілігі және қала халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін қызмет жасауға ниетті кәсіпкерлерді, қай кезде де қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кәсіпкер Е.Ескендір қаламыздағы Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан бұл сауда орталығын ашуға 70 млн. теңгеден астам қаржы жұмсаса, оның 40 млн. теңгесін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы 8,5 пайызбен жеңілдетілген несие алған.
2 мың шаршы метр аумақты алып жатқан «Қызылорда Оптомаркет» сауда орталығы қала тұрғындарына 10 мыңнан астам тауар түрлерін ұсына алады.
Тұрғындарға сауда жасауға ынғайлы барлық жағдайлар жасалған және 60 автокөлікке арналған автотұрақ қарастырылған.
Мұнан бөлек, сауда орталығының жеке кондитерлік өнім және нан шығаратын цехтары өз тұтынушыларына 20-дан астам нан өнімдерін ұсынады.
Тағы бір ерекшелігі, сауда қатарларында отандық өнімдерге басымдық берілген, сонымен қатар азық-түлік өнімдерінің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қаладағы басқа сауда үйлері мен базармен салыстырғанда бағасы 10 пайыздан – 15 пайызға дейін төмен, яғни әлеуметтік дүкен бағытында қызмет көрсетеді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды басты мақсат тұтқан, заманауи талаптарға сай келетін бұл сауда орталығында жаңадан 45 адам жұмыспен қамтылатын болады. 
Бұған дейін, «Алпамыс» жеке кәсіпкерлігі қаламыздағы «Шұғыла» және «Универсам» мөлтек аудандарынан «Қызылорда» атауымен дүкендер желісін іске қосқан болатын.
Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Шұғыла м/а, Ғ. Мүсірепов көшесі №73.
Ашылу уақыты: 2017 жылғы 2 сәуір, сағ 15:30.
Қала әкімінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз