Қызылорда өңірінде бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылмақ

46

0

Қызылорда өңірінде бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылмақҚызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданында арнайы іссапармен болды, деп хабарлады Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Аймақ басшысы аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмыстарымен танысты.

Атап айтқанда, Әйтеке би кентіндегі «Қазалы-Теміржолжылу» МКК-ның жұмысымен, жылу орталығын жаңғырту (газға көшіру) және қайта құрылымдау мәселесімен танысты. «Қазалы-Теміржолжылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының тораптық бу қазандығы жылу желілерімен қоса 1994-1996 жылдар аралығында Батыс Қазақстан темір жолының есебінен салынып, 1996 жылдың 1 қазанынан бастап пайдалануға берілген. Кәсіпорын жылу энергиясын өндіру, бөлу және жабдықтау қызметтері бойынша жұмыс жасайды.

Сонымен бірге негізгі отын түрі мазут болып табылатын кәсіпорын Әйтеке би кентіндегі 63 мекемесін жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Орталықтандырылған жылу аясын кеңейту мақсатында жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында кәсіпорын теңгеріміндегі бу қазандықтарын ауыстыру қажет екендігі белгілі болған. Осыған сәйкес, бу қазандықтарын табиғи газ өніміне бейімдеу үшін жобалау іздестіру жұмыстары есептеліп, жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге 74 582,0 мың теңге қажеттілігі анықталып отыр. Аталған қаржыны облыстық бюджеттен бөлу үшін облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына тиісті бюджеттік өтінім тапсырылды. Сонымен қатар кәсіпорын теңгеріміндегі жалпы ұзындығы 22 764 метр болатын жылу желісімен 5 дана орталық жылу тарату пункттеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындауда. Осыған байланысты, жобалау-іздестіру жұмыстары әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге қажетті 15 058,5 мың теңгеге облыстық бюджеттен қаржыландыру үшін ұсыныс берілді.

Одан әрі әкім Қазалы көлік-техникалық колледжінің жұмысымен танысты. 1929-1930 жылдары Қазалы паровоз депосының жанында ашылған Қазалы көлік-техникалық колледжінде қазіргі таңда барлығы 752 студент білім алуда. Оның ішінде «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 59 адам, 28 адам ақылы негізде және 665 адам жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім алуда. Жалпы, 2013-2014 оқу жылы 164 студент бітіріп, оның ішінде 100 студент жұмысқа орналасты. Колледжде 100 инженер-педагог білім береді. Ұжым облыс көлемінде 8 колледждің бірі болып дуальды оқыту жүйесі аясында тәжірибе алаңына айналды. Бітіруші түлектерге Қызылорда облысы және Батыс Қазақстан теміржол тораптарынан сұраныс бар.

Келесі нысан кенттегі білім ошақтарында жалғасты. Ауданда алғашқы болып ашылған Қ.Сәтбаев атындағы №216 орта мектебі 1963 жылы типтік жобамен салынған. 520 орындық мектепте қазіргі таңда барлығы 773 оқушы білім алуда. Ал Әйтеке би кентіндегі №216 мектепке спорт залы, асхана, шеберхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін 2013 жылы 1,9 млн теңге бөлініп, жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Алдағы уақытта мектепке қосымша спорт зал, асхана, шеберхана құрылысын салу жоспарда бар.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен актив өтті. Онда аймақ басшысы облыс бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ол өз сөзінде жылдың басты құжатынан туындайтын міндеттерді айта отырып, оны жүзеге асыруда облыс көлемінде қолға алынған шараларға, түрлі салада жеткен жетістіктерге кеңінен тоқталды. Аймақ басшысының пікірінше, бүгінгі таңда Қызылорда бірнеше ірі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Ал жоспарлы тапсырмаларды шешу үшін қай салада болмасын білікті мамандар дайындауды жолға қою қажет. Облыс әкімі одан әрі ақпараттандыру жайы, білім беру саласындағы жаңа технологиялар мен жетістіктерді жас ұрпақтың бойына сіңіру саласында межеленіп отырған міндеттерге тоқталды.

Сондай-ақ актив отырысы барысында аудан әкімі Бақыт Жақанов ауданға тартылып жатқан инвестиция, өнім көлемі, жаңа жұмыс орындарын ашуда өсім бар екендігін жеткізді. Дегенмен, проблемалар да жоқ емес. Аудандағы апатты жағдайдағы мектептер мен балабақшалар жайы, ауыз су, жылу аясын кеңейту т.б. мәселелерін баяндады. Бұл мәселелерге қатысты облыс басшысы тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз