Қызылордаға 230 млрд. теңгенің инвестициясы тартылмақ

55

0

Қызылордаға 230 млрд. теңгенің инвестициясы тартылмақБұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Үкімет
отырысында мәлімдеді, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз
қызметінен.

Қызылорда облысында ішкі инвестиция көлемі 10 айда 73
млрд. теңгеге кеміген. Мұның негізгі себебі Қызылорда облысы арқылы
өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің,
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры құрылыстарының
аяқталуымен байланысты. Бұған қоса, мұнай компанияларының инвестициялық
шығындарын қысқартуы да кері әсерін тигізіп отыр.

«Инвестиция көлемі азайды екен деп қол қусырып
отырған жоқпыз. Өзге де көздерден қаржы тарту бағытында жұмыс
жасаудамыз. Машина жасау, ферроқорытпа зауыттарының жоба құжаттары дайын
(тартылатын инвестиция көлемі 74,5 млрд. теңге). Бұл жобалар бойынша
польшалық және неміс компаниясымен келіссөздер аяқталуға жақын.
«Бәйтерек» холдингімен бірлесіп «Қазақстанның инвестициялық қоры» және
«Steward Engineers» АҚШ компаниясымен шыны зауытының құрылысын жүргізіп
жатырмыз. Жыл соңында германиялық әріптестермен бірлесіп, үй құрылыс
комбинатын бастауды көздеп отырмыз (1,5 млрд. теңге). Қытайлық
компаниямен бірлесіп цемент зауытының жобасын бастадық (60 млрд. теңге).
Құрылыс жұмыстары ақпан айында басталады. Сондай-ақ, ағылшындармен
«Баласауысқандық» кен орнында қара тақта тастарды автоклатты өңдеу
жобасын жүзеге асыру жұмыстары басталды (34,9 млрд. теңге)», – деді
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев.

Осылайша, Қызылорда облысында шетелдік инвесторлардың көмегімен жүзеге асатын жобалар құны 230 млрд. теңгеден асады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз