Қызылордаға мүгедектердің мініп-түсуіне ыңғайлы жаңа автобустар әкелінді

54

0

Қызылордаға мүгедектердің мініп-түсуіне ыңғайлы жаңа автобустар әкеліндіҚызылорда «Қалалық автобус паркі» газбен жүретін экологиялық таза, әрі
мүгедектердің мініп-түсуіне ыңғайлы тағы да 10 жаңа үлкен сыйымдылықтағы
қоғамдық көлікпен толықты.

Біртіндеп
ескілерінің орнына су жаңа автобустар қызмет көрсететін болады. Бұл
туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы, қалалық автобус паркін жаңалау бұдан бірнеше
жыл бұрын басталып кеткен. Ол үшін арнайы «Қалалық автобус паркін
жаңартудың 2013-2015» жылдарға арналған жобасы жасалып, жұмыс жоспарлы
түрде жүрді. Соның арқасында қалаға жаңа автобустар келе бастады. Ал
мына келген он көлік, осыған дейін басталған игі істің жалғасы. Соңғы
үлгідегі жаңа қоғамдық көліктер сұранысқа сай. Іші кең әрі жайлы. 72
адамды тасымалдай алады. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай
жасалған.

Облыс әкімдігі мен «Байқоңыр»
әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және «Еуропалық қайта құру даму»
банкі арасындағы келісімге сәйкес биыл аймаққа барлығы 100 автобус
әкелінбек. Айта кетейік, былтыр дәл осындай үлгідегі 20 автобус алынған
болатын. Ал қалғаны қыркүйек айына дейін жеткізіледі деп күтілуде.

«Жолаушылар тасымалы қызметінің сапасын арттыру
мақсатында қолға алынған жоба жемісін бере бастады. Былтыр қалалық
автобус паркі 30 пайыз жаңа қоғамдық көліктермен толықса, биыл оны 100
пайыз жаңарту көзделіп отыр», – дейді «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ басқарма
төрайымы Жанат Самат.

Автобустардың барлығы кешенді техникалық тексеруден өткен. Облыс орталығындағы жолдарда жүруге ыңғайлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз