ҚЫЗЫЛОРДАДА 15 МЛН ШАБАҚ СУҒА ЖІБЕРІЛДІ

70

0

ҚЫЗЫЛОРДАДА 15 МЛН ШАБАҚ СУҒА ЖІБЕРІЛДІҚызылорда облысындағы Қамыстыбас балық тұқымбағы 15 миллионнан астам шабақты су айдындарына жіберді деп жазады baq.kz.
    Жаз бойы күтіммен өсірілген балықтар Арал теңізінің экоқорын
молайтып келді. Тіршілікті жандандыру жолында тер төккен тұқымбақ
еңбеккерлері енді Қамбаш көлі мен Сырдария өзенінің де байлығын арттыру
үстінде.
    Шүпірлеген майда шабақты ерекше мәпелейтін мамандар жыл бойғы
жұмысының нәтижесін қорытындылайтын сәт туды. Тоғандардан сүзілген
балықтар саны мен салмағына дейін өлшеуден өтеді. Су маржанын
еселеушілер биылғы меженің ойдағыдай орындалғанын айтады.
    – Облыстық инспекциямен қосылып, бақылап балықтар су айдынына
жіберіліп жатыр. Биылғы беретін мемлекеттік тапсырма бойынша 14 миллион
800 мың бір жаздық, 420 мың екі жаздық балық жіберіледі, – дейді
«Қамыстыбас» мемлекеттік балық өсіру питомнигінің директоры Нұрқабыл
Құланов.
    Бүгінде балық өсірумен қатар оны өңдеп, өткізу ісі де өзекті.
Қазіргі таңда Арал теңізі маңында шетелге өнімін экспорттайтын 10-нан
астам балық өңдеу зауыттары жұмыс жасайды. Алдағы уақытта аталған
өндіріс орындарын шикізатпен іркіліссіз қамтамасыз ету үшін тауарлы
балық тоғандарын көбейту маңызды дейді мамандар.
    Соңғы жылдары «Қамыстыбас» балық тұқымбағының қуаттылығы 5 есе
артып, жылына дайындалатын шабақ саны 15 миллионға жеткен. Бұл тек
Қызылорда облысының ғана емес, өзге өңірлердің де су айдындарын
балықтандыруға жеткілікті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз