Қызылордада 26 жастағы азаматша алаяқтықпен 80 млн теңгені қалтаға басқан

175

0

 Қызылорда облысында елді алдау арқылы 80 млн теңгені қалтаға басқан 26 жастағы азаматша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ол жергілікті тұрғындарды мемлекеттік бағдарлама негізінде пәтер алып беремін деп алдаған. Осылайша алаяқтық жолмен ақша алған. Соның салдарынан жәбірленуші азаматтарға 80 млн теңге шығын келтірген. Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша былтыр алаяқтық дерегі бойынша 749 оқиға тіркелген. Дегенмен, тұрғындардың көпшілігі өздерінің алданып қалғанын кеш біліп жатады. Мәселен, былтыр 629 жәбірленуші полиция қызметіне уақытынан кеш шағым білдірген. Олардың арасында 6 жылдан кейін шағым білдірген тұрғын да бар. Ал 12 адам 3 жылдан кейін өздері алданып қалғанын айтқан. Сондай-ақ, жергілікті жердегі 128 тұрғын өздерінің алаяқ құрбаны болғанын бір жылдан кейін білген.
«Біздің қолымыздағы деректер алаяқтық жасаумен айналысқан адамдардың  көпшілігі 25-45 жастағылар екенін көрсетіп отыр. Олардың басым бөлігі – әйелдер. Мәселен, былтыр алаяқтық бойынша  288 күдіктінің 189-ын әйелдер құраған. Айта кетерлігі, интернет арқылы өздерінің арам ойларын жүзеге асыратындар көбейіп барады. Биылғы жылдың басынан бері полиция қызметіне осындай жағдайды бастан өткізген 147 шағым келіп түскен», – деп хабарлайды Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлжахан Қайырбергенова. Полиция қызметкерлері азаматтарға сақтық шараларына көңіл бөлу қажеттігін айтады. Ол алаяқтықтың алдын алуға өз септігін тигізеді. Сондай-ақ, Қызылордада жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұрғанын жазған болатынбыз.    

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<