Қызылордада алғаш рет еңбек форумы өтті

61

0

Қызылордада алғаш рет еңбек форумы өтті23 қыркүйек күні Қызылордада еңбек күніне орай «Ата
кәсіп – алтын мұра» атты форум
өтті. Айта кетейік, еңбеккерлердің басын қосып, өткізіліп жатқан бұл алғашқы
форум. Салтанатты шараға облыс әкімі
Қ.Көшербаев қатысып, еңбек озаттарын марапаттады.

Басқосуда сөз алған аймақ басшысы Елбасының өзі еңбек
жолын жұмысшы болып бастағанын тілге тиек етті. Расымен Ұлт көшбасшысы: «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы
идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық,
прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені мен қазақстандықтар
жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де,
паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым.

Ал бұл, атап айтсам, нағыз
кәсіп болып табылады! Мұндай еңбек мектебін қанша жыл өтсе де ұмыту мүмкін
емес» –
деп айтқан болатын. Ұлт көшбасшысының бұл сөзі еңбек
адамдарын қанаттандырды. Қара жұмыстың қыл шылбырын сүйретіп жүргендер
мамандығын мақтан тұтатын болды. Алғаш рет ұйымдастырылған форумда еңбектің
түбі береке екендігі тағы дәлелденгендей.

– «Еңбек – адамды ер
атандырады» дейді халқымыз. Аға буын Сыр елінің дамуы жолында
халықтың сана-сезімін қалыптастырып, қазақы рухын жоғалтпай, еңбекке бір
адамдай жұмылдыра білді. Ауызбіршіліктің, тынымсыз еңбектің арқасында
аймағымыздан 102 Социалистік Еңбек
Ерлері шықты. Олардың есімдері облыс тарихына алтын әріптермен
мәңгілікке жазылып қалды, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Еңбектің ерен үлгісін «Дала академигі» атанған Ыбырай
Жақаев бастаған, ер-азаматтармен бірдей иық тірестіре еңбек етіп, мемлекет
байлығын еселеп өсірген Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова, Ұлбала
Алтайбаева, Жадыра Таспамбетова, Зәкира Ержанова сияқты ақжаулықты аналарымыз
көрсетті.

Аймағымызда ұрпақтан ұрпаққа отбасылық құндылықтарды
жеткізіп, жоғары кәсіби мамандар әзірлеуге үлкен үлес қосып отырған еңбек
әулеттері жетерлік. Мәселен, білім
саласы бойынша Қыпшакбаевтар әулетінің еңбек өтілі 285 жыл, ауылшаруалығы
саласы бойынша диханшылар әулетінен Пірдашовтарға 75 жыл, Күрбеновтердің
теміржолшылар әулетіне 562 жыл.

Форумда аймақ басшысы осындай бір салада еңбек етіп
жүрген отбасыларды «Алғыс хатпен» марапаттады. Еңбек адамдарына көрсетілген мұндай құрметке диханшылар
әулетінен Беғалы Пірдашов, әлеуметтік саладан Фатима Сейдахметова өз алғыстарын
білдірді. Қазақстанның «Еңбек ері» Абзал Ералиев барша еңбек сүйгіш жандарды
мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Форум жергілікті өнерпаздардың ән шашуымен
қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз