Қызылордада алаяқтық қылмысының 11 дерегіне қатысы бар 35 жастағы азамат ұсталды

73

0

Қызылордалық полицейлер адамдардың сеніміне кіріп, ірі көлемдегі ақшаларын алаяқтық жолмен иемденіп, пайдасына жаратқан 35 жастағы ер азаматты қолға түсірді.
Аталған азаматтың үстінен Қызылорда қаласының 11 тұрғыны шағымданған. Біріне жүргізуші куәлігін жасатып беремін деп уәде етсе, енді бірін жұмысқа тұрғызып беремін деп, біріне арзан бағаға жер немесе автокөлік сатып алып беремін деп, енді бірінің көлігін тіркеуден тез арада шығарып беремін деп уәде етіп, ақшаларын алып, ізін суытып отырған. Азаматтарға келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион 611 мың теңгені құраған.
Ірі көлемдегі шығынды С.А. есімді азаматқа келтірген. 2016 жылы аталған азаматтың «Mitsubishi Galant» маркалы автокөлігін сатып алмақ болып уәделеседі. «Анама көрсетіп келейін» деген желеумен оқиға орнынан бой тасалап, құны 720 000 теңге тұратын біреудің мүлкін заңсыз иемденеді.
Қазіргі таңда аталған азаматтың үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның алаяқтық әрекетінен зардап шеккен басқа да қала тұрғындарының жеке басы анықталуда. Егер де оның кінәсі толық дәлелденсе, онда мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Айта кетерлік жайт, бұл қылмыстардың тіркелуіне тұрғындардың немесе жәбірленушілердің әлеуметтік жағдайларын түзеп беруге, атап айтқанда, жұмысқа орналасу, мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, жеңілдетілген пайызбен несие алып беру, жер немесе пәтер алу жұмыстарына көмектесуге уәде еткен азаматтардың сөзіне алданып, оңай жолмен өз жұмыстарын бітіруге талпынулары себеп болып отыр.
Сөз соңында, облыс тұрғындарынан жылжымайтын мүлік сатып алу немесе басқа да мәселелер бойынша келісімшарттар жасамас бұрын, заңгерлермен және құзырлы орган қызметкерлерімен кеңесіп, құжаттарды мұқият қарап, сақтық шараларына аса көңіл бөлулерін және осындай алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда уақытты босқа шығындамай ішкі істер органдарына арыздануларын сұраймыз.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз