Фейсбукшілер апта сайын футболдан жарысады

57

0

Фейсбукшілер апта сайын футболдан жарысадыФейсбукшілердің ауыспалы кубогы ақырындап бұқаралық турнирге айналып келеді. Мақсатымыз да сол еді, фейсбукшілер додасы арқылы бүкіл Қызылорда жастарын біріктіріп, еліміздің Астана және Алматы қалаларындағыдай Әуесқой футболшылар лигасын құрмақ ойымыз бірте-бірте жүзеге асып келеді, деп хабарлайды ҚОФФ баспасөз қызметі.

Нақтырақ айтсақ, алғашқы турнирге жеті команда қатысқан, екіншісінде сегіз команда жиналды. Ал осы жолғысында кубокқа 14 команда таласты. Яғни, әр командада жеті ойыншыдан деп есептегенде барлығы 100-ге жуық әуесқой футболшы доп тепті. Дегенмен, алдағы турнирлерде қатысушылар саны бұдан да көп болады деген үміттеміз. Келем деушілерге есік ашық. Көрермен болыңыз, доп тебіңіз.

Әлбетте, дәл қазір турнирді жетілдіру жолдары қарастырылып жатыр. Келесі ойын күнінен бастап прожектор да іске қосылады. Кәсіби төрешілер мәселесін де талқылап жатырмыз. Жүлде қорын да ойластырамыз. Сондықтан, егер осы қарқыннан таймасақ, сіз болып, біз болып, Әуесқой футболшылар лигасын бірге құрамыз.

Ал осы жолғы турнир бұрынғылардан да тартысты өтті. Байырғы, журналистердің «Фокс», ҚБИ ауданының «Мадрид», Қажымұқан спорт клубының «Қажымұқан», «Жастар» одағының «Жастар.кз», Тасбөгет кентінің «Қанат» командаларын есептемегенде «Динамо» спорт клубының «Динамо», «Қайсар» футбол клубының жастарынан құралған «Бастау», «Жастар» бірлестігінің «Самұрық», «Жайна» сауда орталығының «Жайна», әуесқойлардың «МЮ», «Дарын» және №15 орта мектептердің «Дарын» және «Он бес» командалары өнер көрсетті. Сондай-ақ, Тасбөгет орталық мешітінің қызметкерлерінен құралған «Жамағат» командасы да турнирге қатысып, көпшіліктің көзайымына айналды.

Ал ауыспалы кубок осы жолы «Қайсардың» жастары, яғни «Бастау» командасына бұйырды. Дегенмен, «Бастауға» кубок оңай келді деуге келмейді. Рас, алғашқы кездесуінде «Манчестер Юнайтедті» 8:1 есебімен ойсырата жеңіп, ширек финалда өткен турнирдің жеңімпазы «Қажымұқанды» 4:1 есебімен тізерлеткен. Бірақ жартылай финалда «Жайнаны» әрең жеңді. Тіпті, 0:3 есебімен жеңіліп те жатқан. Соңғы секундтарда ғана есепті теңестіріп, пенальтиде 2:1 есебімен басым түсті. Сол секілді финалда да 3:3 есебі тіркеліп, «Жамағатты» тағы да пенальти сериясында ұтты. Дегенмен, бұл жолы имамдар да ерлік жасады. 0:3 нәтижесімен өрбіп жатқан ойынды теңестіріп, пенальти сериясына дейін жеткізді.

Жалпы, нашар ойнаған команда болған жоқ. 1:8 есебімен ұтылды демесеңіз, «МЮ» да қарымды команда екендігін көрсетті. «Самұрықтың» да сағы сынбайтын жігіттер екенін көрдік. Әдеттегіше «Жастар.кз» командасы да жеңісті қолдан берген жоқ. «Мадрид», «Динамо», «Он бес», «Дарын» сынды командалар да дайындықпен келіпті. «Фокс» та бірінші турнирде бекер чемпион болмағандығын дәлелдеп, «ФутФед» командасына қарсы соңына дейін айқасты. Әсіресе, «Дарынның» қақпашысы шеберлігімен де, актерлігімен де сүйсінтті. Жаза берсең, мұндай қызықтар жетерлік. Алайда, алдағы уақытта бұдан да қызық, бұдан да тартысты болады деп сенеміз.

Үздіктер:

Үздік қақпашы – Руслан Дайрабаев (ФутФед)

Үздік қорғаушы – Дархан Сержанов (Жамағат)

Үздік шабуылшы – Нұрғиса Шапағатов (Жайна)

Үздік ойыншы – Мадияр Оразбек (Бастау)

 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз