Қызылордада араға 19 жыл салып өткен малшылар слетінде ұмытылған дәстүр жаңғырды

35

0

Қызылордада араға 19 жыл салып өткен малшылар слетінде ұмытылған дәстүр жаңғырды Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Қақпа жайлауында көптен күткен
бірінші облыстық малшылар слеті өтті. Талай жылдан бері ұмыт бола
бастаған бұл слет соңғы рет Сыр өңірінде 1996 жылы ұйымдастырылған
болатын. Бүгінгі еңбек мерекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен ата
кәсіпті тіршілігінің өзегіне айналдырып отырған мыңдаған шаруалар
қатысты. 

Екі күнге созылған ауқымды шарада шаруалар арнайы
ұйымдастырылған көрмеде талай жылғы еңбектерін таныстырды. Бұл туралы
облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Слетке арнайы келген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сапархан
Омаров малшылар слетін егемендік алғалы алғашқы болып Қызылорда облысы
өткізіп отырғанын айтып, мұндай игі іс мал шаруашылығын өркендетуге
септігін тигізетініне сенім білдірді.
Елімізде мал шаруашылығын
дамытуға бағытталған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар бар. Оның
игілігін шаруалар көріп отырғандығына куәміз. Айтып өту керек, Қызылорда
облысы қазір «Сыбаға» бағдарламасын тиімді жүзеге асырып отырған
аймақтардың көшін бастап тұр,- деді вице-министр.

Өңірде ата
кәсіпті қолға алып, бүгінде табысты еңбек етіп отырған шаруалар аз емес.
Олардың аймақтың әл-аухатын көтеруде өзіндік үлесі бары да шындық.
Бүгін ауыл шаруашылығының әр саласында еңбек етіп жүрген бір топ
шаруалар марапатталды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев үздіктерді
құттықтап, сый-сияпатын көрсетті.

– Қазір облыста ірі қара,
жылқы және түйе басының саны ең берекелі 90-шы жылғы деңгейден асып
түсті, ал қойдың саны жақсы қарқынмен өсуде. Осыған сәйкес, 100 тонна
ірі қара мал етін экспорттау жөнінде ауыл шаруашылығы министрлігімен
меморандумға қол қойылды, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл
облыста қуаты жылына 7 мың тонна тоқты етін өңдейтін ет комбинатын және
ірі мал бордақылау алаңдарын салу жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ,
«Сыбаға», «Құлан» мен «Алтын асық» бағдарламалары бойынша аймақ
республикада алдыңғы қатарда.

Малшылар слеті нағыз
еңбеккерлердің тойына ұласты. 50-ге жуық киіз үй тігіліп, ұлттық дәстүр
ұлықталып, ұмыт болған салттар қайта жаңғырды. Ресми шарадан соң қыз
қуу, аударыспақ, теңге ілу мен қол күресі және арқан тарту сияқты ұлттық
ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, облыс палуандары
өзара бақ сынасып, тойдың көркін келтірді. Мұнан соң еңбеккерлер
мерекесі концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз