Қызылордада ауыз су мәселесі оң шешімін тауып келеді

64

0

Қызылордада ауыз су мәселесі оң шешімін тауып келедіҚала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облыстық тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рзақұл Нұртаевпен бірге
ауа-райының қатты ысып тұрған шағында ауыз су жетіспеушілігін болдырмау
және сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу
үшін қала көлемінде орналасқан су тоғандарында болды.

Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы уақытқа дейін қала тұрғындарының басым бөлігі
тиісті технологиясына сәйкес арнайы сүзгілер арқылы тазартылатын
Сырдария өзенінің суын пайдаланып келсе, бүгінгі таңда жер асты суларын
пайдалануға қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Бұл мақсатта, «Қызылорда қаласындағы ауыз су және
кәріз су жүйелерін, ғимараттарын қайта жаңғырту және кеңейтудің 2015
жылға дейін» жобасы бойынша 2013 – 2014 жылдар аралығында барлығы 3
млрд. 958 млн. 49 мың теңгеге құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілсе, 2015
жылы бұған 3 млрд. 617 млн. 279 мың теңге қаржы қарастырылған.

«Степь», «ҚІІБ», «Сексенбаев», «Мерей», «Бас су
тоғаны» секілді 5 су тоғанын қайта жаңғырту, оның ішінде төрт 2 мың
текше метрлік су жинау қоймасы, 2 көтерме сорғы стансасы, 5 электр
тарату стансаларының құрылыс- монтаж жұмыстары жүргізілуде.

«Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы жеке бақылауымда болады» –
деген қала әкімі адамдардың денсаулығы ауыз суға тікелей байланысты
екендігін, сондықтан бұл мәселеге немқұрайлық танытуға болмайтындығын
айтып, мамандарға арнайы зертханалар арқылы судың сапасын үнемі бақылап
отыруды тапсырды.

Келесі кезекте Н. Нәлібаев қала орталығында
орналасқан «Сыбаға» базарында тұрғындардың көп тұтынатын азық-түлік,
көкөніс пен жеміс-жидектердің сапасын қадағалауға бағытталған, қала
әкімдігі мен облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің
бірлескен комиссиясы жұмысымен танысты.

Базарға келген тұтынушылар сатып алған өнімдерін
базар аумағында жұмыс жасап тұрған санитарлық-сараптама орталығының
мамандары арқылы тегін тексеруге мүмкіндік алды.

Қала әкімі базар маңындағы бей-берекет сауданы және заңсыз тұрақтарды
реттеу, базарларда төтенше жағдайлардың алдын алу, санитарлық талаптары
сақтау мақсатындағы жұмыстарды шұғыл ретке келтіру жөнінде тиісті
салаларға тапсырмасын беріп, базар иелеріне ретсіз орналасқан сауда
нүктелерін жөнге келтіру, қала тұрғындарына және сатушыларға жайлы
жағдайлар жасау үшін жабық сауда орталықтарын салу қажетігін баса айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз