Қызылордада бөтен біреудің автокөлігін айдап кеткендер қолға түсті

50

0

2017 жылғы маусымда Қызылорда қаласының тұрғыны үй алдында тұрған «KIA Cerato» маркалы автокөлігін белгісіз біреудің ұрлап кеткендігін көрсетіп ішкі істер органдарына шағымданады. Аталған арыз негізінде жедел-іздестіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 24 жастағы және 20 жастағы 2 азамат ұсталып, Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалып, басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Дәл осындай тағы бір дерек тіркелді. Алайда бұл жағдайда әккі ұры «ВАЗ – 2107» маркалы автокөлік есігінің ашық қалғанын оңтайлы пайдаланып, белгісіз бағытқа қарай айдап кеткен. Полиция қызметкерлеріне бағыт-бағдар беріліп, іздестіру шараларының нәтижесінде 21 жастағы қала тұрғыны анықталып, Қалалық ішкі істер басқармасына жеткізілді. Оған да қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Осыған сәйкес, қызылордалық полицейлер облыс тұрғындарына автокөліктерін үй аулаларына, автотұрақтарда қалдырған кезде қырағылық танытуына кеңес береді. Сондай-ақ, автокөлікті қараусыз қалдырмауларын, қараңғы жерлерде ұзақ уақытқа тұраққа қоймауларын, құжаттар мен құнды заттарды автокөлік ішінде сақтамауларын ескертеді.
Көліктен аз уақытқа шықса да, есіктері мен терезелерінің, жүксалғышының жабық екендігіне көз жеткізіп, кілтті тұтандыру тетігінде қалдырмауларын, мүмкіндігінше автокөлікті сақтандырып, айдап кетуге қарсы жүйені орнатуларын сұрайды.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз