Қызылордада «Елбасының ұстанымдары – өңірдің педагогикалық даму белесінде» тақырыбында рухани сұхбат өтті

67

0

Қызылордада «Елбасының ұстанымдары - өңірдің педагогикалық даму белесінде» тақырыбында рухани сұхбат өттіБүгін Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы гуманитарлық колледжде ҚР
Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Елбасының ұстанымдары – өңірдің
педагогикалық даму белесінде» тақырыбында «Қазақстанның педагогикалық
бесігі» атты кітаптың желісі бойынша рухани сұхбат алаңында өңірдің
белгілі ғалымдары, басқармалар өкілдері мен отыздан аса колледждің
басшылары кездесті.

Келелі басқосуда алғаш сөз алған «Нұр Отан»
партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Наурызбай Байқадамов «1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні – Еуразия
кеңістігіндегі мәртебелі және маңызды саяси оқиға» тақырыбында хабарлама
жасады. Ол қазақ ұлтының қилы кезеңдерді басынан өткізген тарихы мен
тәуелсіздік алған тұстағы Елбасының ерен еңбектеріне тоқталды.
Сондай-ақ, колледж директоры Әлима Жақыпқызының құрастыруымен шыққан
«Қазақстанның педагогикалық бесігі» кітабы жайлы пікірін білдірді. Бұл
еңбектің алдағы уақытта идеологиялық құрал ретінде ұстаздар қауымы мен
студенттер үшін берері мол екенін айтты.

Бес бөлімнен тұратын кітапта Елбасының жетпістен
астам биік мінберлерден сөйлеген сөздері қамтылған. Сонымен бірге оқу
орнының қалыптасу кезеңдері мен Мәншүк Мәметова жайлы тың деректер де
бар.

Келесі кезекте сөз алған ғалымдар Уәлихан Ибраев,
Дастан Сәтбай және Сәулет Сахиевтер Президентіміздің ұлт пен ұлыстар
бірлігі татулығының қазақстандық моделінің авторы екенін, сонымен бірге
жас мемлекеттің қалыптасуы жолындағы қиындықтар мен жетістіктер жайлы
жан-жақсы түсіндіріп өтті.

Ардагер ұстаз, колледжде отыз жылдан астам уақыт
дәріс беріп келе жатқан Тазагүл Сейтжанова іргелі оқу орнының қалыптасу
кезеңдерін, бүгінгідей жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.
Егемендіктің алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінде де тығырықтан жол тауып,
оқу орнының мәртебелі атын сақтап қалған колледж директоры Әлима
Әбдіхалықоваға алғысын жеткізді. Айтулы күнге орайластырылып шығарылған
«Қазақстанның педагогикалық бесігі» еңбегін де саралап, мұндай
дүниелердің келешек ұрпақ үшін қажет екенін жеткізді.

Мұнан кейін «Менің Тұңғыш Президентім» тақырыбында
үздік эсселер жазған студенттерге облыстық білім басқармасы мен колледж
атынан алғыс хаттар тапсырылды. Жиын соңында сөз алған колледж директоры
Әлима Жақыпқызы Әбдіхалықова басқосу қонақтарына алғысын айтып, естелік
суретке түсті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз