Қызылордада исламдық қаржыландыру мәселесі талқыланды

67

0

Қызылордада исламдық қаржыландыру мәселесі талқыландыҚызылордада өтіп жатқан V «Байқоңыр» инвестициялық форумы аясында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Исламдық қаржыландыру. Негізгі қағидалары мен тетіктері» секциясы жұмыс жасады.

Айта кету керек, дәстүрлі түрде өткізіліп жүрген «Байқоңыр» инвестициялық форумы бүгінде өңірге инвестиция тарту бағытында өзекті мәселелерді талқылайтын және тиімді шешім қабылдау арқылы ұзақ мерзімді тиімді әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін констуктивті диалог алаңына айналды.
Шара барысында қонақтарға Қызылорда облысының инвестициялық саясаты мен дамуы бойынша басым бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, экономиканың жетекші салаларының әлеуетін көрсететін маңызды инвестициялық жобалардың таныстырылымы жүргізіліп, серіктестік байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Форумға ірі кәсіпкерлер мен банк секторының, мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ұлттық компаниялардың, сондай-ақ Қазақстан мен өзге шет мемлекеттердің ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Форум аясында өткізілген секция жұмысына облыс әкімінің кеңесшісі Евгений Ким, Ислам банкі мен компанияларының басшылары: «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ, «Kazakhstan Ijara Company», «Fallah Growth Found», «Amanie Advisors» компаниясының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ қаржы институттарының басшылары мен аймақ кәсіпкерлері қатысты.
Секция жұмысында төмендегі тақырыптар талқыланды:
– «Ислам банкингі және исламдық қаржыландыру: шариат және тәжірибелік аспектілері», «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ-ның Өңірлік директоры Нұрлан Түргенбаев;
– «Ұлттық Банктің исламдық қаржыландыруды Қазақстан Республикасында дамытудағы рөлі», Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын және исламдық қаржыландыруды дамыту департаменті директорының орынбасары Әлібек Нұрбеков;
– «Fallah Growth Found» қорының қызметіне шолу», «Fallah Growth Found» қорының инвестиция бойынша атқарушы директоры Хасан Аль Шами, инвестициялық менеджері Гуэндолин Инджуджян;
– «Иджара» ислам лизингтік компаниясы қызметінің негізгі бағыттары», «Қазақстан Иджара компаниясының» бас директоры Юсуф Карши, Маркетинг бөлімінің бастығы Гульали Зубанов;
– «Нұрлы тау» ЖШС-нің жобасын исламдық қаржыландыру тетіктері арқылы жүзеге асыру», «Нұрлы Тау LTD» ЖШС, «СТК» ЖШС компаниясы басшысының орынбасары Денис Сафаров;
-«Исламдық қаржыландыру құралдарымен қаржыландырудың инвестициялық әлеуеті», «Amanie Advisors» компаниясының араб елдері бойынша атқарушы директоры Мая Марисса Малек және ТМД елдері бойынша атқарушы директоры Едіге Алпысбай.
Ақпарат үшін: 2014 жылдың 26 желтоқсанында малайзиялық «Amanie Advisors» компаниясының ТМД бойынша атқарушы директоры, Ислам қаржысы саласында кәсіби түрде жұмыс істеп жүрген еліміздегі бірден бір маман Едіге Алпысбай Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында қызылордалық кәсіпкерлерге «Исламдағы «өсім» түсінігі және қаржылық құралдар» тақырыбында семинар өткізген болатын. Семинар қорытындысымен, Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Едіге Алпысбай облыс әкімімен кездесті.
Ағымдағы жылғы 16 қаңтарда Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов, Кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов Алматы қаласында Ислам банкі мен компанияларының басшылары: «Al Hilal» Ислам банкі» АҚ-ның басқарма төрағасы Прасад Абрахам, «Fallah Growth Found»-ның басқарушы директоры Хасан Аль-Шами, «Kazakhstan Ijara Company»-ның бас директоры Хариш Юсуф және малайзиялық «Amanie Advisors CIS» компаниясының ТМД бойынша атқарушы директоры Едіге Алпысбаймен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Сыр өңірінде исламдық қаржыландыруды дамыту мәселесін талқылады және қос тарап ұсынылған жобалар бойынша әріптестік негізде бірлесе жұмыс атқаратын болып тарасқан болатын, деп хабарлайды Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз