Қызылордада кітапханалар мәселесі талқыланды

51

0

Қызылордада кітапханалар мәселесі талқыландыБүгін Қызылордада «Кітапхана қоры: мәселелер мен шешу жолдары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары: «Сыр өңірі – қазақ халқының таусылмайтын, сарқылмайтын анасы, алты Алаштың қара шаңырағы, тербеліп өскен тал бесігі, тіршілігіне тірек болған құт-мекені, байтақ тарихымыздың шежіресі. Қызылорда – сонымен бірге Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов секілді асыл ағаларымыздың тал бесігі; 1925 жылдан 1929 жылы астана Алматыға көшкенде елдің тағдырын шешкен қазақ мәдениетін жаңа биікке көтерген жер; Тәуелсіз Қазақстанның экономикасының нығаюына бүгін де өлшеусіз үлес қосқып келе жатқан өңір. «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөздің Елбасы аузынан айтылуы елдік қасиетін ұлықтаған киелі жердің бағасы екені анық», -деді. Мұнан кейін ол облыста атқарылып жатқан мәдени шараларға тоқталып, әлемдік өркениет жауһарлары қатарына енетін бай мұраларды санамалап өтті.

Келесі кезекте кітапханалар жайына ойысқан ол:«Өркениет туралы айтқанда, кітапхана жайында айтпай қалу мүмкін емес. Өркениеттің бір шарты – кітапхана. Әрбір халықтың кемелдікке келгендігін, ертеден келе жатқан өзіне тән өркениеттің нышаны бар екендігін көрсететін қасиетті бір орындары болады. Кітапханалар – соның дәлелі. Соңғы жылдары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың игі бастамасымен облысымызда бірнеше мәдени нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілді. Соның бір айғағы – 2009 жылы пайдалануға берілген сәулетті де сымбатты Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ғимараты. Кітапхананың ашылу салтанатына Елбасының өзі келіп қатысты. «Ел қазынасына айналатын екі мұра бар. Бірі астық қамбасы болса, екіншісі кітап қамбасы – кітапхана» дейді дана халқымыз. Ата бабамыз көшіп қонып жүрсе де діни, ғылыми кітаптарының қорын жоғалтқан жоқ. «Тар жол, тайғақ кешу» заманында біздің көптеген байлықтарымыз жоғалып кеткені белгілі. Бүгінде ғалымдарымыз бен ұлт тарихына жанашыр білімді азаматтарымыз сол жоғалған құндылықтардың орнын толтыру үшін шет елдің кітапханаларын ақтарып, тынымсыз еңбек етуде. Мұндай игі істерге Үкімет те «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы көп көмегін көрсетуде», – деп қорытты сөзін А. Әлназарова.

Мұнан кейін конференция күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жалғасын тапты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз