Қызылордада мүгедек жандардың мүддесін қорғайтын форум өтті

87

0

Қызылордада мүгедек жандардың мүддесін қорғайтын форум өтті Кеше Қызылордада «Мүгедектерге арналған кедергісіз орта қалыптастыру» форумы өтті, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Форумда мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша мәселелер талқыланды.

Бүгінде жалпы облыс бойынша 26 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың өмірін жеңілдету мақсатында қабылданған «Жол картасы» бойынша екі жылда 8,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін өзгеден кем сезінбеуі үшін әлеуметтік мәселесі дұрыс болуы қажет. Бұл бағытта аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қазір облыстың барлық ауданында «әлеуметтік такси» қызмет етеді. Сондай-ақ, Қызылордаға жаңадан әкелінген 20 қоғамдық автобуста мүгедектердің мініп-түсуіне жағдай жасалған. Алдағы уақытта осындай 100 автобус алынады. Өткен жылы мүгедектерге арналған 7 аула клубы ашылса, бұл игі істер биыл жалғасын тауып осындай аула клубтары Қазалы, Жалағаш аудандарында да ашылды.

Жол картасының аясында мүгедектерді оңалтуға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге, емдеу- сауықтыруға және мүгедектер арбаларымен, балдақтармен барлық қажетті құралдармен қамтамасыз ету үшін 2015 жылға облыстық бюджет есебінен 256 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, былтыр 470 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмыспен қамтылды. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы шеңберінде 45 мүгедек 90 миллион теңгеден астам қаржы алып, өз кәсіптерін бастады. Талсуат елді мекенінде орналасқан Мүгедектерге арналған оңалту орталығында 1205 мүмкіндігі шектеулі азамат мен қарттарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді.

Форумда «Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы» РҚК төрайымы Жанат Омарбекова мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрғын үйлерге, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорттық нысандарға кіріп-шығу мүмкіндігіне, жаңадан салынып жатқан нысандарда мүгедектерге арналған пандустар салынуын қадағалау керектігіне тоқталды.

Мүмкіндігі шектеулі жандар өз кезегінде толғандырған мәселелері төңірегінде ой бөлісті. Форум соңында мүгедектер үшін кедергісіз орта қалыптастыру І форумының үндеуі қабылданды. Мүмкіндігі шектеулі жандардардың қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз