Қызылордада қоқыс өңдейтін зауыт салынбақ

129

0

Қызылордада қоқыс өңдейтін зауыт салынбақБүгін Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы әкімдіктері, Еуропалық қаута құру және даму банкі және «Қызылорда тазалығы» ЖШС арасында «Қызылордада тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу» жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. 
Жобаны жүзеге асыру қаланың санитарлық тазалығын жақсартуға, топырақ, су бетінің астыңғы және үстіңгі бөліктерінің ластануын, парниктік газ қалдықтарын азайтуға, яғни Қызылорда қаласының экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жобаны ЕҚҚДБ, ҚР Үкіметі, облыс әкімдігі және Халықаралық таза технологиялар қоры қаржыландырады. 
Жоба аясында болашақта экологиялық таза электрлі және биогазды жылу энергиясын алу жоспарлануда. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауытта тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Несие ұлттық валюта теңгемен бөлінеді. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет пен аймақ әкімдіктерінің халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді жұмыс жасау туралы тапсырмасына сәйкес, ЕҚҚДБ-мен ынтымақтастық аясында  10 жоба мақұлданып, облыс орталығында тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі 4 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, жолаушы тасымалдау жүйесі, облыс орталығының коммуналдық инфрақұрылымын автоматтандыру және кеңейту. (жылу, су, электрмен жабдықтау) 
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын жүзеге асыру байланыс желілерінің тозбауына, жылу, электр энергиясы мен судың ысырап болмауына мүмкіндік береді. 
Автоматтандырылған басқару жүйесінің көмегімен су және энергетикалық ресурстардың шығыны бақылауға алынатын болады. 
ЕҚҚДБ-мен келісімге қол қою рәсімінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймаққа халықаралық қаржы ұйымдарын тарту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде атап өтті. 
– Бюджет бүйірді қысып тұрған сәтте, бұл дұрыс шешім болып табылады. Халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлескен келісімдер аясында жүзеге асырылатын жобаларды қолдау мақсатында  ҚР Үкіметі жобаның жалпы құнының 40 пайызына дейін қайтарымсыз несие беру тәртібін бекітті. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін бұл ең қолайлы шарттар болып табылады. Тұрмыстық қатты қалдықтардан экологиялық таза жылу және электр қуатын алу  жобасы заман талабына сай және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің талаптарына сәйкес келеді,- деді Қырымбек Көшербаев. 
ЕҚҚДБ-нің Қазақстандағы директоры Джанет Хэкман ханым өз кезегінде «жасыл» технологияларды енгізу бойынша Қызылорда облысы пилоттық аймақ екендігін атап өтіп, алдағы уақытта табысты байланыс орнатуға үмітті екендігін жеткізді. 
Айта кетейік, болашақта облыс орталығы мен аудандарда жылу энергетикалық жүйені жаңғырту және кеңейту жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда. («Қызылорда қаласындағы жылу электр орталығын жаңғыртудан өткізу», «Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі жылу қазандығын жаңғырту»). Қызылорда қаласындағы халықаралық мәртебеге ие әуежайдың жолаушылар терминалының жаңа құрылысын салу мәселесі қарастырылып жатыр. 
Жалпы алғанда ЕҚҚДБ салымы аймақтың инфрақұрылымдық мәселесін аз уақытта шешіп қана қоймай, бірлескен жобаға тартылған кәсіпорындардың жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз