Қызылордада тігілген ерлер көйлегі шетелге экспортталып жатыр

47

0

Қызылордада тігілген ерлер көйлегі шетелге экспортталып жатыр «Қазақстанда жасалған». Қызылордада «Dalatex” деген маркамен ерлер көйлегі шығып жатыр. Қазіргі таңда отандық өнім еліміздің сауда орталықтарында ғана емес, Ресей нарығында да сатылуда. Ал сапасы Түркияның жоғары сұраныстағы бренд тауарларынан бір мысқал да кем емес, дейді Baq.kz сайтының өңірдегі тілшісі.
Кәсіптің негізін қалаушы Ділмұхамед Абызовтың киім саудасымен айналысқанына жиырма жылға жуықтаған. Ерлер жейдесін сапалы етіп тігуге болатындығына көз жеткізген кәсіпкер өткен жылдың мамыр айында фабрикасын іске қосты. Қажетті құрал-жабдықтарды Түркиядан алдырды. Ол үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алған.
Фабрикада 35 адам жұмыс істейді. Барлығы – жергілікті жердің тұрғындары. Оларға Түркиядан арнайы шақырылған Мехмет Дурак деген технолог-маман жейде тігудің қыр-сырын үйреткен.
«Қазақстанда фабриканың жұмысын жүйеге қоя алатын технолог маман жоқтың қасы. Сол себепті, Түркиядан шақыруға тура келді», – дейді фабрика директоры Нұрлан Сердалиев.
«Dalatex» кең үлгідегі қынама белді және жартылай ұзындықтағы үлгімен әртүрлі матадан тігілген ерлер жейделерін шығарады. Мұнда күніне 350 жейде тігіледі. Жаз мезгілінде бұл 450-ге жетеді. Айына 8 мың көйлек шығарылады.
– Түркия фирмаларынан шығып жатқан сапалы жейделермен салыстырсақ, біздікі олардыкінен бір мысқал да кем түспейді. Бұған жүз пайыз сенімдіміз. Маталарды шетелден алдырамыз. Себебі, біздің мақталар басқа бұйымдарды жасауға ыңғайлы болғанымен, жейденің матасына жарай бермейді, – дейді Нұрлан Өтегенұлы.
«Dalatex» жейделері Қызылорда облысында сатылып жатыр. Сонымен қатар, бұл көйлектерді Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларынан да таба аласыз. Бұған қоса, Ресейдің Орынбор, Екатеринбург, Астрахань қалаларына экспортталуда. Яғни, ол жақтың кәсіпкерлері үшін Түркия асқанша, жақын жерден сапалы жейделерді тасымалдаған тиімді болып отыр. Сауда орындарының сатылымдарында «Dalatex» жейделері 5500 теңгеден басталады. Бағалар көйлектің түрлеріне, маталарының сапасына қарай әр түрлі болып келеді.
Фабрикадағы тігіншілердің жұмысын үйлестіріп отыратын Ұлпан есімді маманның айтуынша, жұмысшылардың әрқайсысының өз міндеті бар екен.
«Бірі матаны өлшеп-кессе, екіншісі жағасын, жеңін тігеді, үшіншісі түймесін қадайды, келесісі киімді үтіктеп отырады. Фабрикадағы кәсіби тігіншілерді де, бұл өнерден хабары жоқтарды да арнайы маман қайта оқытып, жейде тігуді үйретті», – дейді ол.
Сөз соңында фабрика директоры Нұрлан Сердалиев «Dalatex» жейдесі – бірегей бренд екенін қайталап айтты. «Сондықтан, біз Қазақстанды, қала берді көршілес елдердің нарығын жаулайтынымызға сенімдіміз», – деді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз