Қызылордада тұңғыш рет спорттық биден турнир өтті

47

0

Қызылордада тұңғыш рет спорттық биден турнир өтті«ПетроҚазақстан» спорт кешенінде тұңғыш рет спорттық биден «Весенние ритмы – 2017» атты ашық турнир өтті. Аталмыш шараға Ташкент, Байқоңыр, Ақөбе, Шымкент және Қызылорда қалаларынан 400-ден астам қатысушы жиналды, деп хабарлайды,-деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі облыстық Азаматтық Альянсы қауымдастығына сілтеме жасап.
Турнирдің ұйымдастырушысы «Орда» клубы шараны облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жүзеге асырды. «Біздің федерация осыдан 2 жыл бұрын құрылды», – дейді спорттық биден клуб жетекшісі әрі облыстық федерация президенті Анатолий Цой. «Орда» клубы да осы кезде пайда болды. Қазір бізде 50-ге жуық адам тұрақты айналысуда. Республикалық, халықаралық турнирлерден жүлдемен оралдық. Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстанда болған жарыстарға қатыссақ, алда Орынборда өтетін сайысқа шақыру алып отырмыз».
Спорттың бұл түрі Қызылордада енді дамып келеді. Сондықтан да клуб басшылығы қазір оны насихаттауға барын салуда. Осы мақсатта айдың аяғында клуб құрамына балаларды қабылдау басталады. Сонымен қатар, спорттық бимен оншақты жылдан бері айналысып келе жатқан Анатолий Цой мүгедектер арасында да бұл бағытты дамытуды көздеп отыр. Оның бұл бастамасы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен параолимпиадалық комитет тарапынан қолдау тауып, турнирде арбаға таңылған жандар да өнер көрсетті. «Айырықша би» атауын иеленген жобаның жүзеге асуына «Қызылорда еріктілері» қауымдастығы мүшелері де үлес қосты. «Айрықша би» жобасы бойынша өнер көрсеткен бишілерге меценаттар әзірлеген сыйлықтар табыс етілді.
Турнирді ұйымдастырушыларға ҚР би спорты федерациясынан келген бас төреші Юрий Зайдентрумф жылы лебізін жеткізді. «Бұл Қызылордаға алғаш келуім», – дейді ол. «Бірақ, жақында ашылған клубтың мына талабына қарағанда Сыр өңіріне әлі де талай жолымыз түсетін сияқты. Әрине, мен бұған қуаныштымын. Бүгінгі турнирге қатысқандардың арасынан алда талай жарыстан озып шығар таланттыларды байқадым».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз