Қызылордада үздік атанған мектепке 17 млн теңге берілді

32

0

Қызылордада үздік атанған мектепке 17 млн теңге берілдіБүгін Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Білімді ел-мәңгі ел» тақырыбында облыстың білім қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. 
Конференция жұмысына ҚР Білім және ғылым министрілігінің  жауапты хатшысы Ә.М.Рахымжанов, «НЗМ» дербес білім беру ұйымдарының басқарма төрайымы К.Н.Шамшидинова, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылым академиясының академигі Т. Шарманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты М. Бақтиярұлы, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ж. Жылбаев, «КАТЕВ» халықаралық қоғамдық қорының президенті Д. Өте арнайы келіп қатысты. 
Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев білім беру саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бала тәрбиесіне басымдық берді.  
– Бүгінгі күннің өзегі – жас ұрпақтың рухани кемелі.  Балаларды ең бастысы ұлттық құндылықтарға бай, тіліне, діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне,  салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағлымы кең тұлға ретінде қалыптастыру барысында ең негізгі сын да, салмақ та ұстаздарға артылатыны түсінікті. Ұлттық талғамы мен сана-сезімі жоқ адамда отаншылдық рух та болмайды. Бұл ешбір дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ендеше бұл міндеттерді шешудің қайнар бұлағы – мектеп және ондағы негізгі тұлға ұстаз деп білеміз. Баршамызға ортақ міндет – жас ұрпақтың қалыптасып, өмірде өз орнын табуына көмектесу,- деді облыс әкімі. 
Кеңес қатысушылары Қызылорда облысында білім саласының даму қарқынын атап өтіп, одан әрі қарай жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Мәселен, Сыр өңірі «Балапан» бағдарламасын белгіленген мерзімінен бұрын орындады. Алдағы 2 жылда облыс бойынша апаттық мектептердің орнына 12 жаңа білім ұясы бой көтеретін болады. Сонымен қатар, аймақ түлектері «Серпін» бағдарламасы арқылы және Ресей Үкіметінің білім гранттары негізінде жоғары оқу орындарында білім алуда.  
Шара соңында үздік деп танылған ұстаздар мен білім мекемелері марапатталды. Бірқатар мұғалімдерге «Білім саласының үздігі» атағы беріліп, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгісі тағылды. Ал №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты «Орта білім беретін үздік ұйым» номинациясын жеңіп, 17 млн. теңге сыйақы алды. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз