Қызылордада жас кәсіпкерлер клубы құрылды

100

0

Қызылордада жас кәсіпкерлер клубы құрылдыҚызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында аймақтың жас кәсіпкерлері бас қосып, саланы дамыту мәселесін талқылады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға арнайы республикаға белгілі кәсіпкер, «THS Group» құрылыс холдингінің құрылтайшысы Қайрат Құдайберген және өңіріміздің белсенді кәсіпкерлері Данияр Жанзақов, Ислам Қозыбақов, Арман Тобылбаев, Руслан Ахметов, Иса Әлтаев және Мағжан Ерәлиев т.б. қатысты.

Жас кәсіпкерлердің кездесуінде қазір өңір экономикасын қарқынды дамыту мәселесі алда тұрған кезеңде бірігіп жұмыс жүргізу – уақыт талабы екендігі айтыла келіп, жас кәсіпкерлер клубын құру кезек күттірмейтін мәселе екендігі ортаға салынды.

Нәтижесінде, отырыс қорытындысымен Жас кәсіпкерлер клубы құрылды. Клубтың жаңа құрылған мүшелерінің шешімімен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов Клуб төрағасы, жас кәсіпкер, «Қызылорда кірпіш зауыты» ЖШС-нің директоры Данияр Жанзақов орынбасары болып тағайындалды.

Бұл шара жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов:

«Өздеріңізге белгілі, елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп, мемлекет тарапынан жан-жақты қолдаулар көрсетілуде. Осы шаралардың заңды жалғасы ретінде биыл жыл басында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан жастар кәсіпкерлігін дамыту бойынша Қоғамдық Кеңес құрылған болатын.

Біздің Қызылорда облысы тұрғындарының үштен бір бөлігі, яғни, 200 мыңнан астамы – жастар. Жастарды кәсіпкерлікке тарту – бұл тек шағын бизнестің көлемін арттыру ғана емес, сонымен бірге жастарды жұмыспен қамту болып табылады. Елімізде жастардың арнайы білім алып, біліктілігін жетілдіруі үшін барлық жағдай жасалған. Ендігі жерде жастар кәсіпкерлігін дамытуға басымдық беруіміз қажет.

Бұл ретте, облысымызда жастар арасында кәсіпкерлікпен айналысу деңгейі әлі де төмен. Бұл мәселені шешуде Кәсіпкерлер палатасының жанынан құрылып жатқан Жас кәсіпкерлер клубы өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді.

Алматыдан арнайы келген кәсіпкер Қайрат Құдайберген Клубтың әлеуеті жоғары, болашағынан зор үміт күтуге болатындығын айта келіп, сырбойылық жас кәсіпкерлердің бұл бастамасы өзге өңірлерге үлгі боларлық жайт екендігін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз