Қызылордадан Астанаға газ құбырын жүргізуге қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болды

98

0

Қызылордадан Астанаға газ құбырын жүргізуге қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болдыЕлордаға газ тартылғанның өзінде астаналықтардың қалтасын қағуы мүмкін. Өйткені газдың тарифы қымбат. Сондықтан бұл мәселе Астана қаласының әкімі Әсекешевпен талқыланады. Сондай-ақ, Қызылорда-Астана-Көкшетау-Петропавл қалаларына газ құбырын салу жобасының құны – 236 млрд теңге. Бұл туралы Ақмола облысында өткен қоғамдық кеңесте Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
«ҚазТранзГаз» компаниясы магистральді газ құбырын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасалды. Құбыр Қызылордадан – Жезқазғанға, Жезқазғаннан – Қарағандыға, кейін Астанаға жүргізіледі. Екінші кезең Көкшетау мен Петропавл қалаларын қамтиды. Бұл аралық – 2 300 шақырымнан астам. Астанаға дейінгі құбырдың ұзындығы – 1 800 шақырым. Ал жобаның құны қомақты – 236 млрд теңге. Сондай-ақ бізде 3 млрд куб газды солтүстік өңірлерге жіберуге мүмкіндік туындайды», – деді ол. Сонымен қатар министр газ тарифіне қатысты мәселе бойынша Әсет Исекешевпен сөйлесетіндігін атап өтті.
«Біз ертең немесе алдағы күндері осы мәселе жөнінде Астана қаласының әкімімен сөйлесеміз. Себебі, газдың бағасы – өте қымбат. Есебіміз бойынша оның бағасы 100 мың теңгеге жуықтауы мүмкін», – деді басшы.
Жиын барысында Қанат Бозымбаев газдың бағасы қымбат өңірлерді атады. Министрдің айтуынша, бұл жағдай бизнестің дамуына кедергі болуда.
«Сіздер түсіну үшін мына дерекке тоқталайын. Елдің оңтүстік өңірлерінде: ОҚО мен Алматы облысында газдың бағасы өте қымбат. Қосылған құн салығымен қосқан кездегі баға – 34 теңге. Әсіресе Оңтүстік Қазақстан облысының осыған көңілі толмай отыр. Бұл жағдай бизнестің дамуына кедергі жасауда», – деді ол.
Кейін министр аталмыш мәселені шешудің жолын ұсынды.
«Сондықтан біз «ҚазТрансГаз» компаниясына ұсыныс жасадық. Яғни пошталық марка әдісі арқылы барлық өңірлердегі газдың бағасын жалпы орташа деңгейге келтіру қажет. Себебі, кейбір өңірлерде газдың бағасы басқа өңірлермен салыстырғанда төмендеу. Сондықтан бағаны барлық өңірде орташа деңгейге келтіру арқылы Астанадағы газдың құнын 30 мың теңгеге дейін төмендету жоспарда бар. Бірақ мұны есептейміз, көреміз. Мәселе экологияда ғана емес. Тұрғындар мен бизнес өкілдері жоғары тарифті қолдана ала ма? Осыны түсіну маңызды», – деді басшы. Сонымен қатар Энергетика министрі Астанадағы газдың бағасын төмендетудің тағы бір әдісі бар екендігін айтып қалды.
«Газбен қамтамасыз етудің тағы да бір баламалы нұсқасы бар. Біз сұйылтылған табиғи газ туралы айтып тұрмыз. Ол Қазақстан қолданылмайды. Аталмыш газдың түрі ерекше әдіспен экстремалды түрде төменгі температураға дейін сұйылтылады. Кейін бұл өнім арнайы газ қондырғысына жіберіледі. Қалыпты температурада ол табиғи газға яғни метанға айналады. Ол теміржол көлігі арқылы тасымалданады. Сондықтан бұл әдіс мәселені шешудің – баламалы жолы. Сондай-ақ Астанаға да арзанға түседі. Осы әдіс алдағы уақытта жүзеге асуы мүмкін», – деді Бозымбаев.
Сөз соңында ол Астанаға газ құбырын салу мәселесі алдағы уақытта шешілетіндігін жеткізді.
«Біз бұл мәселе жөнінде Әсет Исекешевпен ақылдасамыз. Кейін алдағы айда Премьер-министрге есеп береміз», – деп түйіндеді сөзін министр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз