Қызылордадағы №264 мектепке Т. Есетұлының есімі берілді

101

0

Қызылордадағы №264 мектепке Т. Есетұлының есімі берілдіБүгін, 8 мамырда Қызылорда қаласында №264 мектеп-лицейге Тәкей Есетұлының есімі беріліп, ескерткіш-бюстті салтанатты түрде ашылды. Алғашқы еңбек жолын Арал ауданынан бастаған Тәкей Есетұлы Сыр өңірінің дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының түзелуіне аянбай қызмет жасаған, ел ілтипатына бөленген абыройлы азамат, қайраткер тұлға. Сол кездегі өңір экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дұрыс бағамдай білген, көпшіліктің риясыз алғысына бөленіп, бұқара халықтың сенімін арқалаған білікті басшы. 
«Тәкей Есетұлының есімі білім ошағына беріліп отыр. Осы арқылы жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, қазақстандық патриотизмді арттыратын боламыз. Халқы қадірлей білген азаматтың есімін иелену – жас ұрпақ үшін, мектеп ұжымы үшін үлкен жауапкершілік. Осы мектептен Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосатын, елінің дамуына қалтқысыз қызмет ететін білімді ұрпақ тәрбиеленіп шығарына сенемін», – деді шараға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, салтанатты шарадан соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Т.Есетовтың өмір жолы мен қызметіне арналған танымдық конференция өтті. 

Қызылордадағы №264 мектепке Т. Есетұлының есімі берілді

Тәкей Есетовтің елдің мұрат-мүддесі жолындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, үш мәрте Республика депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. 5 орден (оның ішінде 2 мәрте Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендері), 12 медальмен марапатталған. Деректі фильм арқылы қайраткердің еңбек жолы көрсетілді.
«1969 жылы Тәкей Есетұлы теңіз мәселесін көтеріп, Республика Үкіметі Аралға арнайы комиссия жібереді. Сол кезде теңіздің тартыла бастағаны, келе жатқан экологиялық апаттың алапат толқыны жайлы қозғау салған Тәкей Есетов екендігін екінің бірі біле бермейді. Елінің ертеңін ойлаған жанашыр азамат қана осындай ұлы істерге ұйытқы болады», – деді конференцияда сөз алған өңір басшысы Қ.Көшербаев. 
Расында Тәкей Есетұлы 1978 жылдан 1985 жылдар аралығында Қызылорда облысын басқарған кезеңде құрылыс қарқын алды. Облыс орталығында драма театр, музей, әуежай, басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысы сол кезеңдерде қатар жүргізілді. Одан өзге «Қызылордарисмаш» зауыты, «Шалқия» кеніші секілді көптеген өндіріс орындарының жұмысы жандана түсті. Елі үшін еңбек еткен азаматтың өнегелі істері конференцияда жан-жақты талқыланды. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз