Қызылордадағы жол белгісіне байланысты асығыс шешім қабылданған

53

0

Қызылордадағы жол белгісіне байланысты  асығыс шешім қабылданған Қызылорда қаласында еңбек етіп жатқан кәсіпкерлер облыс орталығы көшелері бойында қойылған «Тұруға тыйым салынады» жол белгісінің өздерінің кәсіпкерлік нысандарының алдына қойылғанына наразы. Дәріханалар мен шаштараздар, мейрамханалар мен дүкендердің иелері осы мәселе жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына арызданған болатын.

«Осындай іс-әрекеттерден біздің жылдар бойы құрған кәсібімізден, тұтынушыларымыздан айырылып қалуымыз және де ол өз кезегінде саудамыздың төмендеп кетуіне, қызметкерлерімізге еңбек ақыларын уақытылы бере алмауымызға, штаттық кестенің қысқаруына, салық түсімдердің азаюына алып келуі мүмкін» дейді кәсіпкерлер.  Осыған орай палатаның бизнес алаңында Қызылорда облысының прокуратурасы  басқарма басшысы М.Ерназаровтың, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Н.Ахатовтың, жол полиция қызметкерлері, кәсіпкерлер кеңесі мен арызданған кәсіпкерлердің қатысуымен шұғыл дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Шара барысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров қала көшелеріндегі жол белгілерінің кәсіпкерлік нысандарының басшыларына ескертусіз қойылғандығын және «Тұруға тыйым салынады» жол белгісінің бір күн ішінде «Аялдауға тыйым салынады» болып өзгертілуінің әсерінен кәсіпкерлер арасында наразылық туындағанын жеткізді. Аталмыш жол белгілерін қоймас бұрын, кәсіпкерлерге автотұрақ салуына уақыт беру қажеттігі мен әр кәсіпкерлік нысанға лайық жол белгілерін орнату қажеттігін айтты. Өз сөзінде Қызылорда облыстық прокуратураның басқарма басшысы М.Ерназаров «Кәсіпкерлер палатасы мен Прокуратура аясында қол қойылған мемарандумға сәйкес біз әрдайым тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Осы орайда  кәсіпкерлерден келіп түскен арыз-шағым зерделенді. Арыз түскен үш күн ішінде құқықтық баға беруге тырыстық. Бұл жерде байқағанымыз қалалық әкімдік пен ішкі істер басқармасы асығыс шешім қабылдаған» деді.  Өңірлік кәсіпкерлер Кеңесі Төрағасының орынбасары Ғалымбек Жақсылықов: «Шілде айынының басынан А.Байтұрсынов, А.Тоқмағанбетов, Д.Қонаев көшелерінің бойына «Аялдауға тыйым салынады» белгілері қойылған. Сол кезден бастап біздің дүкендерімізге, кеңсе, кафелерімізге келген тұтынушыларымызды жол полиция қызметкерлері ұстап айыппұл тағайындауда деп, осы көше бойында орналасқан бір топ кәсіпкерлік нысандар иелері алаңдаушылық білдіруде. Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері ретінде біз кәсіпкерлермен кездестік. Мәселен,  А.Байтұрсынов көшесі бойында аталған кафе, ресторандардан бөлек: жарнама агенттіктері, «Венера» фирмасы, дүкендер, үйлену-той салондары, май ауыстыру орындары, көліктердің қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер, «Интертич» клиникасы, шағын маркеттер, кеңселер, электрзаттарын сататын «Квант» ЖШС орналасқан. 
Шара қорытындысында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Әбсаттаров дөңгелек үстелге қатысушылармен келісе отырып төмендегіні хабарлады.
1.Қалалық ішкі істер басқармасына жол белгілерін қоюда «тоқтауға тыйым салынады» белгісін мүлдем алып тастайды. 
2.«Тұруға тыйым салынады» белгісін белгілі бір уақыт аралығында қоюға және дәріхана, шаштараз, дүкендер сияқты халық ұзақ тұрақтамайтын орындарға ол белгілердің қаншалықты қажеттілігі бар екендігін ескеруге әрі әр кәсіпкердің кәсіпкерлік нысанына сәйкес белгілерін орнататын болады.
3.Өз кезегінде кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезіне әрі қоғамдық тәртіпке бағына отырып, кәсіпкерлік нысандарының келбетін абаттандыруы және автотұрақ салулары қажет. Сонымен қатар, қажеттілікке орай автотұраққа келушілердің автокөліктерін дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін қызметкер алулары тиіс.
Дөңгелек үстел барысында тараптардың келісімімен мәселе осылайша шешімін тапты. Жұмыстардың орындалуын қадағалау мақсатында арнайы жұмысшы топ құрылды. Енді олар осы айталған мәселелердің дұрыс орындалуын қадағалайтын болады. Егер аталған ұсыныстар қолдау таппай, қос тарапты қанағаттандырмаса Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы тиісті министрліктің көмегіне жүгінетіндігін  жеткізді. Дөңгелек үстел өткен 12 сағаттан соң қала көшелеріндегі жол белгілерін арнайы мамандар ауыстыруды бастап кетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз