Қызылордалық ғалым топырақтың құнарлығын арттыратын жауынқұртын өсіріп жатыр

347

0

Қызылордалық ғалым топырақтың құнарлығын арттыратын жауынқұртын өсіріп жатыр Қызылордалық ғалым химиялық тыңайтқыштардан бас тартып, олардың орнына жердің құнарын арттыратын кәдімгі жауынқұрттарды пайдалануды ұсынып отыр, деп хабарлайды Baq.kz сайтының өңірдегі тілшісі.
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жаратылыстану факультетінің деканы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосановтың айтуынша, жауынқұрттар, соның ішінде калифорниялық қызыл құрттар өңдеген тыңайтқыштар жердің құнарлығын арттырып қана қоймай, топырақтың бойында ылғалдылықтың ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік береді.
«Табиғат санитарларының негізгі қорегі – шіріген жапырақ пен малдың қиы. Тіпті экологиялық ахуалға да әсері мол. Себебі, бұған дейін полигондарға төгіліп келген түрлі тұрмыстық қалдықтарды да жей береді. Бұл – биогумус, яғни құнарлы топырақ. Химиялық тыңайтқыштардың орнын осы органикалық тыңайтқыш алмастыруы тиіс. Мысалы, химиялық тыңайтқыштар синтетикалық жолмен алынатын болса, ал бұл табиғи жолмен алынады. Мұндай тыңайтқышты пайдаланғандар биыл мол өнім алады. Бұған 100 пайыз сенімдімін», – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда бұл тәжірибе оқу орны ғимаратының жертөлесінде жүргізіліп жатыр. Осында әзірленген тыңайтқышты әуесқой жылыжай егушілер ғана сатып алуда. Бір қабы 2 мың теңге тұрады.
Алдағы уақытта Самалбек Қосанов таптырмайтын табиғи тыңайтқыш дайындайтын өндіріс орнын ашуды көздеп отыр.
«Енді біз гектарлап егін егетіндерге табиғи тыңайтқышты ұсынуымыз үшін өндірістің аясын кеңейтуіміз керек. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Ресей елі, Еуропа мемлекеттері жауынқұрттардың пайдасы көл-көсір болғасын, оны кеңінен пайдалануда. Еліміздің солтүстік, шығыс өңірлері де ауыл шаруашылығында қолдануда. Сыр өңірінде бұл шаруа дамымай отыр», – деді ғалым.
Университет қабырғасында өсімдіктердің көшеттері отырғызылған. Оның тыңайтқышы жауынқұрттардан дайындалған.
«Осы бөлмеде ағаштардың, көкөністердің, гүлдердің көшеттері бар. Барлығының топырағы құнарлы. Сондықтан шығымы өте жақсы. Мында Еуропа мен Қытайда өсірілетін павловния ағашының көшеті де бар. Бұйырса, бірер аптадан соң далаға отырғызамыз. Бұл ағашты Сыр өңіріне жерсіндіргіміз келеді», – дейді химия пәнінің лаборанты Ұлған Тәжімбетова.
Самалбек Қосанов түптің түбінде химиялық тыңайтқыштардан бас тарту керектігін айтады. Себебі, мұндай тыңайтқыштарды шамадан тыс беру өнімнің өнімділігін арттырғанымен, адамның ағзасына кері әсерін тигізеді.
«Ең болмаса, химиялық тыңайтқыштар арқылы дайындалған өнім мен табиғи жолмен піскен өнімдерді бөлек сататын арнайы орындар болуы тиіс», – деп сөзін түйіндеді ғалым.
 

Қызылордалық ғалым топырақтың құнарлығын арттыратын жауынқұртын өсіріп жатыр
Қызылордалық ғалым топырақтың құнарлығын арттыратын жауынқұртын өсіріп жатыр

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз