ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АНАЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ

97

0

Бүгін 8 наурыз
Халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Әйел–тіршілік тірегі» атты мерекелік
салтанатты шара өтті. Оған аймақ басшысы Қ.Көшербаев қатысып, Сыр жұртшылығын
көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

«Бүгін біз барлық
Сыр елінің аналарына тағзым етіп, дендеріне саулық, отбасыларына амандық,
балаларына тек шаттық пен қуаныш тілейміз. Бейбіт
тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын бо­ла­шаққа деген сенімнің ұйытқысы болып
отырған барша қыз-келіншектерге, апа-қарындастары­мызға, аяулы аналарымызға
шынайы риза­шылық білдіреміз», – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Расында нәзікжандар
қоғамның қай саласында болмасын белсенді еңбек етуде. Облыстың әрбір
жетістігінде арулардың қосқан мол үлесі бар. Бүгінде  18 мыңнан аса қызылордалық ананың 4 және одан
да көп балалары бар. 17 мыңнан аса ақ жаулықты аналар «Алтын алқа» және «Күміс
алқаларымен» марапатталған.

Былтыр өңірде заманға сай жасақталған
облыстық «Ана мен бала» орталығы пайдалануға берілді. Екі жыл ішінде бұрын
жабылып қалған 13 ауылдық аурухананы қалпына келді. Жаңадан 14 дәрігерлік
амбулатория ашылды. Сәбилердің шетінеуі 34,7 пайызға азайып, ана өлімі де 2013
жылмен салыстырғанда екі есеге қысқарды. Бұл атқарылған жұмыстың жемісі.
Салтанатты шара
мерекелік концертпен жалғасты. Шырқалған ән, көрсетілген қойылым, мың бұралған
бишілердің өнерінің барлығы көктемдей құлпырған нәзікжандарға арналды. Қазақ
өнерінің жарық жұлдыздары Әлібек Дінішов пен Бауыржан Исаев кешке арнайы келіп,
өнерлерін көрсетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз