Қызылордалық депутаттар кәсіпкерлердің мәселесін талқылады

51

0

Қызылордалық депутаттар кәсіпкерлердің мәселесін талқыладыҚызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында қалалық мәслихат хатшысы бастаған Роза Боханова бастаған депутаттар мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінің атынан қала әкімінің орынбасары Қосым Аңсатбаев бастаған әкімідк өкілдерінің қатысуымен кәсіпкерлермен кездесу өткізілді.

Кездесудің мақсаты – экономиканың ерекше саласы кәсіпкерлік мәселесін талқылау. Қаладағы бұл бағыттағы кейбір түйіні шешілмей тұрған проблемалардың шешілу жолдарын қарастыру.

Депутаттар мен қалалық әкімдік өкілдері алдында өткір талқыланған мәселенің бірі – кафе-мейрамханалардың автотұрақ проблемасы.

Кездесуге дейін Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасына бірнеше кәсіпкер-рестораторлардан жергілікті атқарушы орган – сәулет және қала құрылысы бөлімінің әрекетіне қатысты арыз түсті.

Арыздың мазмұны мынадай. Қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімі тарапынан кафе-мейрамханалардың иелеріне көлік қоятын автотұрақтардың ҚР нормативтік талаптарына сай келмейтіндігі жөнінде ескерту қағаздары жолданған және аталмыш ескертуде кемшілікті 3 күнтізбелік күн ішінде орындау туралы айтылған. Алайда, барлық кафе-мейрамханалардың иелерінің қолында уәкілетті орган – мемлекеттік комиссиямен берілген тиісті рұқсат құжаттары, нысанды іске қосуға рұқсат беретін актілер бар.

Бұл жерде заңды сұрақ туындайды: егер нысандар ҚР нормативтеріне сәйкес келмесе не үшін рұқсат құжаттары берілді? СНиП-тің 2-қосымшасына сәйкес автотұрақ дегеніміз – (автокөліктерге арналған тұрақ): автокөліктерді сақтауға (қоюға) арналған ғимарат (немесе ғимараттың бір бөлігі) немесе арнайы ашық алаңқай. Яғни бұл түсінік бойынша Байтұрсынов көшесінің бойындағы әр кафе мен мейрамхананың алдында арнайы автокөлік қоятын орындар бар.

Мұнымен қоса, бүгінгі күнде егер аталмыш талаптарды мәжбүрлі орындату мақсатында (сотқа беру және орындату) шаралар қабылдайтын болса, онда 15-тен астам кафе-мейрамханалар жұмысын тоқтатып, шамамен ең азы 600-дей азамат жұмыссыз қалады. Мұнан өзге, кәсіпкерлік мақсатта мемлекетке түсетін салық көлемі де азаятын болады.

Шарада кәсіпкерлер автотұрақ мәселесін түбегейлі шешу уақыт пен қаржыны талап ететіндігін алға тарта отырып, кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беруді сұрады. Халық қалаулылары мен әкімдік өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер егжей-тегжейлі талқылаудың негізінде көше бойында автокөліктерді бей-берекет қоюдың алдын алу үшін кәсіпкерлік субъектілері автотұрақтарын ретке келтіремін дегенше уақытша реттеуші қоюды қарастыруға келісті.  

Кездесуге қатысты Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов: «Жалпы кездесудің ерекшелігі – аймақтың кәсіпкерлік субъектілерінің 80 пайызға жуығы облыс орталығында шоғырланған. Сондықтан да шаһар бизнесмендерінің өзекті мәселелері де жеткілікті. Осы ретте, атқарушы билік те, халық қалаулылары да осы мәселелерді шешуде ортақ тоқтамға келмек болып Кәсіпкерлер үйінде бас қосып отыр, яғни бүгінде Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері үшін таптырмайтын диалог алаңына айналды. Шара осынысымен де құндыү Бүгінгі шарада талқыланған мәселелер сараланып, алдағы мәслихаттың отырысына шығарылатын болады», – дейді.

Мұнан өзге, кездесу барысында қаладағы инфрақұрылым туралы ақпараттың қолжетімділігі, сауда-саттық мәселесінде жер учаскелерін бөлу тәртібі, коммуналдық меншік объектілерін және жер учаскелерін шағын және орта кәсіпкерлік меншігіне немесе жалға беру сынды мәселелер талқыланды.

 

Қызылорда облысының

 кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз