Қызылордалық каратэшілер ел чемпионатында бес жүлде еншіледі

61

0

Қызылордалық каратэшілер ел чемпионатында бес жүлде еншіледіТараз қаласында «Темір» спорт клубының 20 жылдығына арналған каратэ-додан ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты аяқталды. Аталмыш чемпионатқа Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарынан 150-дей спортшы бақ сынады. Қызылордалық спортшылар аталмыш жарыстан 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медальмен оралды, деп хабарлады облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғалова.

Әйелдер арасында кумитэ бағдарламасы бойынша сынға түскен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мөлдір Жаңбырбай 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионы атанды. Салтанат Исмайлова (-50 келі) күміс жүлдеге ие болса, Меруерт Төреғали (-55 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Үш спортшымыз қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқиды.

Ерлер арасында Қуандық Монтай (-55 келі) мен Сүйіндік Монтай (-60 келі) үшінші орынды қанағат тұтты. Енді Мөлдір Жаңбырбай үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Сингапурде болатын Азия чемпионатына қатысуға дайындалуда.

Айта кетейік, спортшыларды жарысқа Рүстем Әбжәмиев, Талап Әбдіраманов және Нұржан Ақпанбет дайындады.

Сондай-ақ осы уақытта Тараз қаласында каратэ-додан республикалық турнир қатар өтті. Аталмыш турнирде спортшыларымыз 3 алтын, 2 күміс, 4 қола медальді жеңіп алды. Жеңімпаз атанған спортшылар: Ерболат Бодық (10-11 жас, -40 келі), Әділет Төлеу (14-15 жас,-57 келі), Мөлдір Жаңбырбай (16-17 жас, -53 келі). Күміс жүлдегерлер: Әділет Төлеу (16-17 жас, -55 келі), Ақмарал Бекназар (12-13 жас, +45 келі). Қола жүлдегерлер: Ердәулет Ысмағұлов (6-7 жас, +20 келі), Алмас Жүзбай (10-11 жас, +45 келі), Диас Молдабек (12-13 жас, -35 келі), Диана Досқали (16-17 жас, -53 келі).

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз