Қызылордалық кәсіпкерлер ардагерлерге ерекше сыйлық жасады

65

0

Қызылордалық кәсіпкерлер ардагерлерге ерекше сыйлық жасадыҰлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы «Ерлікке тағзым» әлеуметтік жобасы аясында ардагерлерге ерекше мерекелік тарту жасады. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласындағы 41 ардагерге арнайы тапсырыспен өздерінің суреттері бейнеленген портреттер жасалып, сыйға тартылды. Көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдірген ардагерлер, бейбіт өмірдің қадірін білуге шақырды.

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірі Тәнеш Оразов «Барды бағалай біліңдер! Елбасының бастамаларына қолдау көрсетіп, елді өркендету жолында аянбай еңбек етіңдер», – деді.

«Бүгін Палатаның қызметкерлері бір күндік жалақыларын шығарып, сондай-ақ Өңірлік кеңес мүшелері қаржылай қолдау көрсетіп, Қызылорда қаласындағы 41 ардагерге құрмет көрсетіп, мерекелерімен құттықтаудамыз», – деген Кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов Жеңіс күнінің авторлары – қазыналы қарттар қай кезде де аса жоғары құрметке лайық екендігін жеткізді.

Қазіргі таңда Қызылордада 90-ға жуық көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Жеңіс күні қарсаңында қызылордалық кәсіпкерлер құнды қазына – ардагерлерге құрмет көрсетуде.

Осы уақытқа дейін қала кәсіпкерлері 12 ардагерге барлығы 1 млн. теңгеден астам көлемде қаржылай көмек көрсетіп, 10-ға жуық ардагерге тұрмыстық техника, үй жиһаздарын алып берді.

Айта кету керек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінде «Ерлікке тағзым» әлеуметтік жобасын жүзеге асыруда.

Жобаның басты мақсаты – еліміздегі ардагерлерге әлеуметтік және материалдық тұрғыдан көмек көрсету. Шара республика көлемінде өткізілуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз