Қызылордалық кәсіпорын «Рза» АҚ мал басын 1200-ге дейін жеткізуді жоспарлауда

44

0

 «Рза» акционерлік қоғамы – Қызылорда
облысындағы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және
өндірістік базасы, жоғары әрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері,
бай материалдық ресурстары бар ірі мекемелердің бірі, Қазалы ауданының
көркеюіне, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге үлесін қосып келе
жатқан кәсіпорын.

«Рза» АҚ-да 1200-ден астам адам, оның ішінде
инженерлер, экономистер, агроном, зоотехник, құрылысшы, ауылшаруашылығы
және өнеркәсіп мамандары жұмыс жасайды. Сонымен қатар Қызылорда,
Алматы және Астана қалаларында тұрақты өкілдері жұмыс жасап келеді.

Негізгі қызмет түрі құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу, оның ішінде
мелиоративтік құрылыс, тұрғын үй құрылысы, магистралдық су құбырларын
жүргізу болатын «Рза» акционерлік қоғамы – көп салалы кәсіпорын.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге байланысты I категориялы
мемлекеттік лицензияның иегері. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету
бағдарламасы бойынша 2003 жылдан бері Қызылорда облысының Арал, Қазалы,
Қармақшы аудандарында құрылыс жұмыстарын атқарып келеді. Оның құрамына
бірнеше ЖШС енеді.

«Рза-Агро»-ның негізгі қызмет түрі – дәнді дақылдар мен мал азығы
дақылдарын егу және өткізу. Барлығы 35 мың га жуық жер учаскесін
иемденетін серіктестік жылына 1 млрд. теңге көлемінде өнім өндіреді,
оның ішінде 5 мың тонна ақталған жоғары сапалы күріш – Ресей, Украина,
Беларусь, Тәжікстан, Түркіменстан мемлекеттеріне экспортқа жіберіледі.
Серіктестік ауылшаруашылық дақылдарын өндіруде қуаттылығы жоғары, бір
уақытта барлық техникалық қызметтерді жоғары әрі сапалы деңгейде
жасайтын шетелдік ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланады.

«Рза-Асыл түлік» – Қазақстанның индустриалдық даму картасының
белсенді қатысушысы болып табылады. Аталмыш бағдарлама аясында кәсіпорын
2010 жылы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды: экспортқа
бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы
сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды.
Серіктестіктің негізгі қызмет түрі – асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет
және сүт өндіру және өткізу. Венгриядан 660 бас голштино-фриз асыл
тұқымды қашарлары әкелінді. Қазіргі таңда олардың саны 1600 басқа жетті.
Әрбір сауын сиырдан 8000 литр сүт сауылып, жылына 5 500 тонна сүт
өндіріледі. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Голландия, Ирландия,
Германия мемлекеттерінен алынған.

Ал «Рза-Сүт»-тің негізгі қызметі – сүт өнімдерін өңдеу және сату.
Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты еуропаның озық технологиялық
құрал жабдықтарымен жабдықталған. Кәсіпорын «Дәмді» сауда маркасымен
әлеуметтік-экономикалық маңыздағы пастерленген, ультрапастерленген
сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, сыр шығаруда. Жобаның құны – 2
млрд. 228,4 млн. теңге. Бұл өнімдер көршілес аудандарға, Қызылорда,
Байқоңыр қаласына, Атырау, Ақтөбе облыстарына сатылуда. Келешекте
балмұздақ, йогурт, ряженка, бренза дайындау межеленуде. Ірі қара өсіру
кешені мен сүт өңдеу зауытында 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Сүт
өнімдері Қызылорда облысының аумағымен бірге Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе,
Батыс Қазақстан облыстарында сатылуда. Зауыт өнімдері 2011 жылы
«Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауының «Үздік
азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен
марапатталды.

Егер 2013 жыл бойынша облыста 2714 асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал
басы болса, оның 60 пайызы «Рза» АҚ үлесінде. Ал 2013 жылы
ауылшаруашылығы құрылымдары арқылы 5,8 мың тонна сүт өндірілсе, оның
5,4 мың тоннасы немесе 93,5 пайызы «Рза» АҚ үлесінде. Алдағы уақытта
кәсіпорын мал басын 660 бастан 1200 басқа ұлғайтуға бағытталған жобаның
екінші кезеңін іске асыруды жоспарлауда.

«Алтын сапа» байқауында «Ірі кәсіпкерлік субъектісі» критерийінде
«Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша
«Рза» АҚ жеңімпаз атанды.

«Рза-Транс»-тың негізгі қызмет түрі – акционерлік қоғамның барлық
бөлімшелерінің өндірістік мақсатқа пайдалануларына қажетті техникалармен
қамтамасыз ету. Онда қуаттылығы жоғары ауылшаруашылығы және құрылыс
саласына қажетті қазіргі заман талабына сай техникалар жұмылдырылған.

«Рза-Нан»-ның өндірістік цехы еуропалық стандартқа сай құрылғылармен
жабдықталған, нан өнімдерін өндіру қуаттылығы 3200 келіден астам.
Мұнда нан және кондитерлік өнімдердің 40-қа жуық түрлері дайындалады.
Шұжық цехының ет өнімдерін өндіру қуаттылығы тәулігіне – 2 тонна. Цехта
сарделькалар, сосискалар, тұшпара, тартылған ет, котлеттер және
қақталған, жартылай қақталған шұжық түрлері дайындалады.

«РЗА-МұнайГазҚұрылыс»-тың Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарын
жанар-жағар маймен қамтамасыз ететін сыйымдылығы 4855 м куб (бензин,
дизельдік отын, нигрол, дизельдік май, т.б. сақтайтын) мұнай
резервуарлары бар. Сонымен қатар жаңа типтік жобамен салынған 4 май
тарату бекеті өз қызметтерін көрсетуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз