Кәсіби-қызметтік даярлығы жетілдірілуде

95

0

Кәсіби-қызметтік даярлығы жетілдірілудеҚазіргі таңда әр облыстағы ішкі істер департаменттерінде полиция қызметкерлерінің жауынгерлік дайындықтарын арттыру, төтенше жағдайлардағы тактикалық іс-қимылдарын қалыптастыруға бағытталған Арнайы даярлық басқармалары жұмыс жасайтыны белгілі. Аталған басқарма ҚР Ішкі істер министрінің  бұйрығымен құрылып, өз жұмысын бастады.
Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің Арнайы даярлық басқармасы қоғамдық тыныштық пен халықтың қауіпсіздігінің күзетінде тұратын, алғашқы соққыны өздеріне қабылдайтын полиция қызметкерлерінің жауынгерлік дайындық деңгейлерінің заман талабына сай болуын басты мақсаты етеді. Қазіргі таңда арнайы даярлық басқармасында облысымыздың әр аудандарынан полиция қызметкерлері келіп, жауынгерлік даярлықтарын жетілдіруде. Сабақ барысында білікті мамандар ату, қоян-қолтық айқасу, арнайы қорғаныс құралдарымен жұмыс істеу секілді шеберліктерді үйретумен қатар, теориялық дәрістер өткізіп, біліктіліктерін шыңдауда. Аталған сабақтарға департаменттің басқарма, бөлім қызметкерлерімен қатар, сыртқы қызмет салалары, яғни жол-патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, кезекші бөлім қызметкерлері де қатыстырылуда.
Қызметкерлермен өткізілген сабақ барысында түрлі деңгейдегі элементтер аралас жаттығулар, топтық ойындар, сынақ тапсырмалар қолданылды. Бұл қызметкерлердің экстремалды жағдайлардағы психологиялық тұрақтылығына ықпал ететіндігі сөзсіз. Барлық жаттығулар қозғалыс дағдыларын және моральдық-еріктік қасиеттерін дамытуға, қызметтік және әскери дайындығының жоғары деңгейде болуына, байқампаздықты дамытуға, қасындағы жолдасына жауапкершілікпен қарауға, бір-біріне сенімді болуға бағытталады. Мәселен, бір жаттығу – қауіп-қатер кезіндегі полиция қызметкерлерінің біркелкілігін көздеп, бір тәртіппен, бірдей бұйрықпен ұйымдасып,  іс-қимыл жасауын мақсат етсе, енді бір жаттығулар кез келген сәтте атылатын оқ пен төнген қатерге дайын болуын, рефлекторлық әрекетін дамытуды көздейді.
Сондай-ақ, белгіленген сабақ кестесіне сәйкес аппарат жеке құрамына және жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне арнайы-тактикалық даярлық сабақтары әр түрлі бағыттағы әдістемелік құралдарын пайдалана отырып жүргізілуде. Ал қалған күндері барлық қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінің кезекші бөліністері қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында атыс, арнайы даярлық және дене шынықтыру даярлықтарынан қосымша сабақтар ұйымдастырылуда.
Айта кетерлік жайт, аталған оқу-жаттығу сабақтары «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамында Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасымен ұйытқы болуының нәтижесінде өткізілуде.
«Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы – еліміздегі спортты дамытуда ерекше еңбек сіңіріп жүрген іргелі ұйымдардың бірі. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің дене шынықтыруын және арнайы спорттық дайындықтарын жетілдіре отырып, салауатты өмір салты қағидатын дұрыс ұстануын қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралардың өткізілуіне бастамашы болып келеді. Ішкі істер департаменті, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті сынды ішкі істер органдарының басын біріктіріп отырған спорттық қоғамның ғимараты 1993 жылы қолданысқа берілген. Спорт кешені арнайы волейбол және баскетбол, жасанды шөппен көмкерілген футбол алаңымен, 25 метрлік тирмен, заманауи жаттықтыру аппараттары бар жаттығу бөлмесімен жабдықталған.
Осы аталған жаттығу мен сабақ түрлерінен бөлек, полиция қызметкерлерін психологиялық тұрғыда даярлау дәрістері де өтеді. Аталған дәрістердің қызметкерлердің әлеуметтік құзіреттілігін жоғарылатуда, тұлғааралық қатынастарды қалыптастырып, бірлесіп іс-әрекет жасауда, қақтығыстарды конструктивті түрде шешуде маңызы зор. Сондай-ақ, қызметкерлердің кәсіби-психологиялық дайындықтарын жетілдіру арқылы эмоционалды бұзылыстарының алдын алуға, қызметкерлердің  күрделі жағдайларда дұрыс әрекет етуге де болатындығын ескерген жөн.
 

Қызылорда ОІІД баспасөз қызметіКәсіби-қызметтік даярлығы жетілдірілудеКәсіби-қызметтік даярлығы жетілдірілуде

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз