Қызылордалық әртістер Лондонда қазақша спектакль қойып қайтты

52

0

Қызылордалық әртістер Лондонда қазақша спектакль қойып қайттыҚызылорда облысының әкімдігі мен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры 21-27 сәуір аралығында Лондон қаласына Қазақстанның мәдениеті мен өнері күндеріне орай, гастрольдік сапарға барып қайтқан болатын. Кеше Сыр елінің қара шаңырағы театр ұжымын үлкен қошеметпен қарсы алды. 

Лондон қаласында қазақ тіліндегі қойылым алғаш рет өткізілді. Онда көрермен тілді түсінбесе де, қазақ тілінің әуезділігіне таң қалды. Бұл туралы бүгін облыстық коммуникация орталығында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Құсейін Әмір-Темір мәлімдеді.

– Лондон халқына Дулат Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын ұсындық. Іс-сапарға ұжымнан он адам барған болатынбыз. 400 орындық Британ корольдік музыкалық театрындағы қойылымды ағылшын азаматтары, «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттер және сол елдегі қазақтар және арнайы келген Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ержан Қазыханов тамашалады. Қойылымнан соң сол елде оқып жатқан студенттер «елге барып келгендей күй кештік» деген қуанышын жеткізді. Ағылшын азаматтарының біздің театрымызды, қойылымды жақсы қабылдағанына қуандық. Тіпті, күлетін жерінде бізбен күліп, жылайтын жерінде жылап қойылымнан кейін ұзақ қошеметпен шығарып салды, – деді қойылымның режиссері Құсейін Әмір-Темір.

Айта кету керек, труппа гастрольдері 26 сәуірге түскендіктен, әртістер ҚР елшілігінде дайындалған сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Онда Ержан Қазыхановтың қабылдауында болып, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың аманаты Қорқыт Ата бейнеленген суретті табыс еттік. Сонан соң арнайы дайындалған қазы-қарта, құрт-ірімшекке толы қазақ дастарханынан дәм татқызды», – деді труппа режиссері.

Алдағы мамыр айының он екісінен бастап, облыстық Бекежанов атындағы музыкалық-драма театрының труппасы қалада ғана емес, аудандарға да қойылымдар қоюды жоспарлап отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз