ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУДА

51

0

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУДАБүгін орталық алаңда Наурыз мерекесі аясында және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 25 киіз үй тігіліп, спорттық ойындардан сайыстар ұйымдастырылды. 
Театрландырылған қойылымдар мен оркестрдің сүйемелдеуімен музыкалық қойылымдар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Құрманғазының «Балбырауын» күйін 150 жас домбырашы орындап, 350 студент «Қара жорға» биі мен 80 биші қыз «Қамажай» биін биледі. 
Мерекелік шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, барлық сырбойылықтарды Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен құттықтады. 
– Бір кездері ұмыт болған Наурыз мейрамы тәуелсіздігіміздің арқасында қайта түлеп, жаңа Қазақстан үшін де орны бөлек мерекеге айналды! Бүгінде Наурыз көп ұлтты халқымыздың сүйікті мейрамы, елдегі бірлік пен ынтымақтың нышаны деуге болады. Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен айтсақ,  «Ұлыстың ұлы күні – барлығының көңілде кірбің қалмай қауышатын, түсіністікпен табысатын күні». Расында бұл күні барша жұрт өкпе мен ренішті ұмытып, ағайынмен табысады. Адамдар бір-біріне бақ пен береке тілеп, амандық айтысады. Халқымызды осы пейілінен айырмасын, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев. 
Балуандар белдесіп, мықтылар қол күрестіріп, арқан тартысып, гір тасын көтеруден де сайыстар өтіп жатыр. 
Мұнан бөлек алаңда құрылған шатырларда мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлер қайырымдылық шарасын өткізді. Мерекеге орай наурыз көже таратылды. 
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз