Қызылордалықтар шағын кәсіпкерлікті қаржыландырудың жолын тапты

49

0

Қызылордалықтар шағын кәсіпкерлікті қаржыландырудың жолын таптыБұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры
Ғалымбек Жақсылықов VII «Байқоңыр инвест» Инвестициялық форумы аясында өткен
«Қызылорда облысындағы шағын және орта бизнестің даму перспективасы»
тақырыбындағы паннельдік отырыста айтты.

Палата директоры қазіргі таңда
қаржылық ресурстардың, әсіресе ауылдық елді мекендер үшін қолжетімділігі аса
күрделі мәселе болып отырғандығын айта отырып, оған себеп болып отырған
жайттарды жеткізді.

Бірінші, банк секторының несие беруге қатысты позициясының әлсіреуі шағын
несие ұйымдарының белсенді жұмыс жасап, тұтынушылық несиелерді беру көлемін
арттыруға негіз болып отыр. Бұл тенденция 2014 жылдан басталды десек болады.
2014 жылы шағын несие ұйымдарының несиелік портфелі 35 пайызға артқан. Ал 2015
жылдың 3 тоқсанында 26,2 пайызға артып, 107,3 млрд.теңгені құрады.

Шағын несие ұйымдарында негізгі
қаржы көздері ұйымның өз қаржысы. Айта кету керек, соңғы үш жылда бұл көрсеткіш
жалпы жиынтық қаржының 61 пайызын құрады. Одан әрі банктің берген қарызы 26
пайызды, банктік емес заңды тұлғалардың үлесі 11 пайыз, бюджет қаржысы 1,9
пайыз, жеке тұлғалармен берілгені 0,1 пайызды құрайды. Шағын несие ұйымдарымен
берілетін тұтынушылық несиелердің пайызы екінші деңгейлі банктермен
салыстырғанда жоғары, әрі берілетін сомада соншалықты жоғары емес. Дегенмен,
соңғы екі жылда айтарлықтай өсті.

Мұнан өзге, екінші деңгейлі
банктермен берілетін несие портфелінде тұтынушылық несиелердің үлесі 60 пайызды
құрайды. Бұл республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 3 есе көп.

Екіншіден, бүгінде аймақтың ауылдық
елді мекендері үшін негізгі қаржы институты «ҚазАгро» ұлттық компаниясы.

Алайда «ҚазАгроға» қарасты
еншілес компаниялардың агроөнеркәсіп кешені нарығындағы несиелендіру үлесі
жоғары болғанына қарамастан, жыл өткен сайын өсіп жатқан ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің
сұранысын толықтай қанағаттандыра алмай отыр.

Жалпы агробизнес саласын
қолдауға арналған түрлі қолдау құралдары жеткілікті. Дегенмен, бұл салада көз
көрерліктей нәтиже әлі де байқалмауда.

Үшіншіден, бүгінде өңірде
«Бизнестің жол картасы – 2020» және «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020»
мемлекеттік бағдарламалары белсенді жүзеге асырылуда.

Талдау көрсеткендей, «Бизнестің
жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырылған жобалардың 80 пайызы
облыс орталығына тиесілі.

Ал «Жұмыспен қамту жол картасы –
2020» бағдарламасы аясында шағын несиелендіруге бөлінген қаржының басым бөлігі
несиелеу серіктестіктеріне беріліп, ауылда кең қанат жая алмауда.

Жоғарыдағы жайттарды тоқтала
отырып, Ғалымбек Жақсылықов аймақта бұл мәселенің оң шешіліп жатқандығын айтты.
Ол үшін облыста «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы атты қаржы институты
құрылғандығын жеткізді.

2016 жылдан бастап «Атамекен»
ҰКП мен облыс әкімдігі бірлескен «Микробизнес – Қызылорда» жобасын жүзеге
асыруда.

Бағдарламаның негізгі мақсаты:

– микробизнесті дамыту арқылы
жаңа жұмыс орындарын құру;

– жұмыссыздықты азайту,
кооперацияның дамуына жағдай жасау, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және
терең қайта өңдеу жобаларын іске асыру;

– өндірістік (қоймалар, мал сою
цехтары, суытқыш және мұздатқыш камералар, логистика, МЖӘ негізінде МТС құру) және өткізу (Батыс Еуропа-Батыс Қытай
трассасында шағын базарлар мен сауда павильондары) инфрақұрылымдарының дамуына жәрдемдесу, ішкі
және сыртқы сауда базарлары мен дистрибьюторлық желіні біріктіру.

Айта кету керек, өткен жылы ҰКП
мен әкімдік арасында аталмыш бағдарламаға 660 млн.теңге бөлу жөніндегі
Меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда
«Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталық арқылы жалпы құны 441,9 млн.теңгені
құрайтын 70 жоба мақұлданды. ҰКП тарапынан 50 млн.теңге көлеміндегі бірінші
транш бөлінді.

«Атамекеннен» бөлінетін қаржының
ерекшелігі 7 пайызбен, 15 млн.теңгеге
дейін 5 жылға беріледі. Бүгінгі күнге дейін «Атамекеннен» бөлінген қаржыға 5
жоба қаржыландырылды.

 

Қызылорда облысының

кәсіпкерлер палатасының баспасөз
қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз