Қызылорданың инфрақұрылымын дамытуға –17 миллиард теңге

45

0

Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамытуға 17 миллиард теңге қаржы бөлінді. Биыл Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру басталады. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен Қызылорда қаласының преспективалық даму бағыттарын талқыланған жиында айтылды. 
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаһарда атқарылған жұмыстарды саралап шықты. Барлық салада өсім бар. Дегенмен, атқарылу тиіс жұмыстарда жетерлік. Жуық арада, «Қорқыт Ата» әуежайында сағатына 250 жолаушы қабылдайтын халықаралық талаптарға сай терминалдың құрылысы және Ғ.Мұратбаев көшесі арқылы Сырдария өзенінен құны 5,9 млрд. теңге болатын көпір құрылысы  басталады. Яғни, бұл көпір сол жағалауды игеруге мүмкіндік береді.  
Аймақ басшысы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде Ақжарма, Ақсуат, Қызылөзек, Талсуат, Қосшыңырау, Бірқазан елді мекендерінің әлеуеті жеткілікті екендігін атап өтіп, осы елді мекендерде азық-түлік белдеулерін ұйымдастыру қажеттігін айтты. Басты мақсат – алынған өнімдерді өз нарығымызда өткізіп, инвестицияның сыртқа кетпеуіне мүмкіндік жасау. Облыс орталығында өңірлік және республикалық индустрияландыру картасында 23  млрд. теңгенің 8 инвестициялық жобасы іске асырылуда. 
– Үнемі айтып келемін, қаланың архитектуралық келбеті, көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан коммерциялық нысандардың қас беттері көзге тартымсыз. Біркелкі концепция қалыптаспаған, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. 
 «Жиында аймақ басшысы қаладағы ғимараттардың сыртқы келбетін дұрыстауды қатаң тапсырды. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер салып жатқан нысандардың «сақалды құрылысқа» айналып кетпеуін қатаң бақылау қажеттігін ескертті» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз