Қызықты өткен көрме-жәрмеңке

50

0

Қызықты өткен көрме-жәрмеңкеОблыс орталығындағы көркемсурет галереясында «Менің анам ең қымбат” тақырыбында көрме-жәрмеңке өтті. «Өзін-өзі тану: Махаббат және шығармашылық педагогикасы” онкүндігі аясында ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесіне облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бахыткүл Тоқтамұратқызы мен «Жас Отан” Жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Талғат Тілес қатысты.
Шарада шығармашылық өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеп, ақыл-кеңесін қосып жүрген Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Амангелді Кененбаев, жас суретші Дәулет Тойшыбаев көпшілікке кескіндеме, күріштен сурет салу, құмнан, қыштан бұйымдар жасау бойынша шеберлік сыныптарын көрсетті.
– Қышпен жұмыс істеу өте қиын болғанымен, бұл жұмыстың өзегі – дарын мен шабыт. Сондықтан мен әрі қарай да ізденіп, еңбектенуге, осы істің жемісін көруге асықпын. Көздегенім – пайда табу емес. Тек осындай барша ұлтқа ортақ өнерді жастардың да меңгергенін, тарих пен салт-дәстүрге зейін қойғанын қалаймын, – дейді Д.Тойшыбаев. 
Айта кетейік, мұнан бөлек көрмеде облыстық №5 арнайы мектеп-интернаты, «Атамекен” отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тәрбиеленушілерінің, қалалық мектеп оқушыларының көз тартар дүниелері сатылымға шықты. Соның ішінде №2 Мұрагер мектебінің 5 сынып оқушысы Жанбота Кенжеғұлдың «Қыз бейнесі” картинасы ерекше сұранысқа ие болды. Жанбота бұл туындыны технология пәнінің мұғалімімен бірге дайындаған. Ал одан түскен қаражатты ол қайырымдылыққа жұмсамақ.
Мөлдір СНАДИН.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз