«Үздік кітапханашы» анықталды

163

0

«Үздік кітапханашы» анықталдыНазарбаев Зияткерлік мектебінде алғаш рет «Инновациялық мектептің үздік кітапханашысы» байқауы өтті. Байқауға Қызылордадан, Арал, Жалағаш, Қазалы аудандарының пилоттық және инновациялық мектептерінен 11 кітапханашы қатысты.
Назарбаев зияткерлік мектебі директорының орынбасары Дариха Мұнарбаева кітапханашылардың беделін арттыру, облыстағы білікті кітапханашыларды анықтау және кітапхана қызметкерлерінің жаңа жетістіктерін педагогикалық тәжірибеде насихаттау мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес педагогтар мен кітапхана қызметкерлері үздіксіз серіктестік қарым-қатынаста болуы қажет. Бүгінгі іс-шарада инновациялық мектептердің кітапханашылары өз біліктіліктерін көрсетіп, заманауи кітапханашы қандай болу керектігі, оқушыларды кітап оқуға баулу бағытында заманауи әдіс-тәсілдермен бөлісетін болады, – деді ол.
Байқау шарттары бойынша қатысушылар төрт тапсырмада бақ сынасты. Бірінші кезеңде қатысушылар «Оқушылармен әңгіме», «Мұғалімдермен әңгіме» тақырыптары бойынша бейнебаян көрсетті. Екінші кезеңде кітапхана қызметкерлері өзекті мәселелер бойынша түрлі ситуациялық жағдайларды шешу арқылы шешендік өнерлерін паш етті. Үшінші кезеңде қатысушылар оқушылар арасында кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын ашық іс-шараларын өткізді. Соңғы кезеңде қатысушылардың портфолиолары, әдістемелік нұсқаулықтар, кәсібилігін дәлелдейтін түрлі құжаттарын арнайы көрмеге қойды.
«Бүгін біз бір-бірімізбен тәжірибе алмастық. Бөліскен тың идеяларды алдағы уақытта өз тәжірибемізде пайдаланатын боламыз. Жалпы біздің кітапханашылардың мақсаты – балаларды өз еркімен кітапхана келіп, кітап оқуға тарту болып отыр. Осы орайда кітапханашылар бүгінде жан-жақты дамып, ізденімпаздықпен жұмыс жасап жатыр. Оқитын қоғам ғана бәсекеге қабілетті ел бола алады», – деді Жалағаш кентінен келген қатысушы Феруза Досанова.
Сайыс қорытындысы бойынша 3 орынға Арал қаласының №262 мектеп-гимназиясының кітапханашысы А.Утаралиева және қаладағы №5 мектеп-лицейінің кітапханашысы А.Қойшыбаева ие болды. Ал облыстағы №212 мектеп-гимназиясының кітапхана меңгерушісі Г.Тлепбергенова жүлделі екінші орынға лайық деп танылды. Жалағаштан келген қатысушы Ф.Досанова 1-орынға тұрақтаса, теориялық біліктілігі және кәсіби практикасының үздік жұмыстарымен ерекшеленген С.Абишева байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Алдағы уақытта мұндай шаралар дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
 
Шынар БЕКБАН.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз