Өзекті мәселелерге қатысты семинар

64

0

Жуырда Арал аудандық сотында аймақтық оқу орталығының ұйымдастыруымен семинар сабағы өтті.

Шараға Арал, Қармақшы, Қазалы аудандық және Байқоңыр қалалық соттарының судьялары қатысты. Арал аудандық сотының төрағасы Е.Б.Тұрбаев семинарды ашып, қатысушыларды күн тәртібімен таныстырды.

Шара барысында Арал аудандық сотының судьясы Д.Н.Кентбаев «Қылмыстық істерді қысқартылған тәртіпте қарау тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, ҚР ҚПК-нің 382 бабына сәйкес, онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сот талқылауы қысқартылған тәртiппен жүргiзiлетінін, істi сотта талқылаудың қысқартылған тәртiбi сотталушыдан, жәбірленушіден жауап алудан, процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу мән-жайлары, азаматтық талап қою және процестік шығындар бойынша төлемдердің мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаудан ғана тұратынын, егер сот отырысы барысында қысқартылған тәртіппен сот талқылауына кедергі келтіретін мән-жайлар анықталса, сот сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы ететінін айтып өтті.

Бұдан әрі азаматтық және әкімшілік істерді қарауда туындайтын өзекті мәселелерге қатысты баяндамалар тыңдалды. Нақтырақ айтқанда, Қармақшы аудандық сотының судьясы Л.Алибекова «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік істерді қарау тәжірибесі» тақырыбында, Қазалы аудандық сотының судьясы Г.Тиыштықбаева «Заңдық маңызы бар фактіні анықтау істерін қарау тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасады.

Семинарға қатысушылар аталмыш тақырыптар бойынша проблемалық сұрақтарды талқылап, тиісті ұсынымдар айтылды.

Бұдан соң, аудандық сотпен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру аясында, семинарға қатысушыларға аудан орталығындағы мұражайларға экскурсия ұйымдастырылды. Судьялар аудандық тарихи-өлкетанушылық мұражайында және балықшылар мұражайында болды. Мұражайдағы жәдігерлер Арал балықшыларының және балық шаруашылығының өңірде қайта жандануына бағытталған. 1200-ден аса жәдігерлер жинақталған балықшылар мұражайы ежелгі «Көпес үйі» мен «Лев Берг» кеме залынан тұрады, ондағы жәдігерлер өңірдегі балық шаруашылығының кешегі және бүгінгі жайы туралы мағлұмат береді.

Судьялар сондай-ақ, қазақ әдебиетінде айшықты орны бар атақты «Қан мен тер», «Соңғы парыз», «Курляндия» кітаптарының авторы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейсов атындағы әдебиет үйінде болып, жазушының туындыларымен, шығармаларымен танысты.

Семинарға келген судьялар, мұражайларда болған уақытта Арал өңірінің тарихына терең үңілуге, өлкенің айтулы оқиғалары мен тарихи құңдылықтарын танып білуге мүмкіндік бергенін, өздерінің бұл сапардан жақсы әсер алғандарын айтып, аудандық соттың судьяларына алғыстарын білдірді.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз