Әзербайжан көрермендері Сыр сахнагерлерінің өнерімен сусындады

68

0

Әзербайжан көрермендері Сыр сахнагерлерінің өнерімен сусындадыҚазақстан мен Әзербайжан елдерінің дипломатиялық қарым-қатынастарына 25 жыл толуына сәйкес, үстіміздегі жылдың 12-15 сәуірі аралығында Әзербайжан елінде Қызылорда облысының мәдениеті мен өнері күндері өтті. Мәдени шара аясында Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Әзербайжанның ақын, жазушы-драматургы, қоғам қайраткері, философ Мирза Фатали Ахундовтың «Кетпейсің! Болды, кетпейсің…» комедиясын Баку және Шеки қаласының көрермендеріне ұсынды.
Спектакль басталмас бұрын Баку төрінде орналасқан Самед Вургун атындағы Әзербайжан Мемлекеттік орыс драма театрының белді артистері мен Сыр сахнагерлері арасында кездесу өтті. Оған театрымыздың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбай, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері З.Төлепова, Б.Темірбеков, артистер Қ.Архабаев, З.Сайпи, М.Әбішевалар қатысты.
Бүгінде 97 жылдық тарихы бар орыс театрынан нақ осы спектакльде басты рольдерде ойнаған халық артистері Мабуд Магеррамов, Сафа Мирзагасанов, Әзербайжанның еңбек сіңірген артистері Наталья Шаровская, Фуад Османовтар қатысты. Кездесу барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Х.Әмір-Темір мен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбай Қазақстан театр өнерінің қазіргі  хал-ахуалы, сан-сапасы, оның ішінде  Қызылорда  театрының тарихы, репертуары, шығармашылық ұжымы жайлы сыр шертті. Алдағы уақытта Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі белсенді жалғастыру қажеттілігін атап айтып, Әзербайжанда өтетін фестивальдарға театрды арнайы шақыратындарын, шығармашылық һәм рухани байланыс орнатқысы келетіндерін ілтипатпен жеткізді.
Қойылым режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі М.Ахманов шығарманың көркемдік-идеялық мазмұнын, автордың бейнелеу ерекшелігін жете түсініп, спектакльде әзербайжандық салт-дәстүрді, әрбір бейненің ұлттық мінез-құлықтарын,  іс-қимылдарын дөп басып, артистердің бояу нақышын сақтай отырып, еркін ойнауына мүмкіндік берген. Басты рольдердегі Б.Алпысбай, З.Төлепова, Б.Темірбековтің сахнада ойнау ерекшеліктері – спектакльдің комедиялық сипатын одан әрі жандандырып, тамаша актерлік ансамбльдің кәсібилігін көрсетті.
Сонымен қатар, спектакльге қатысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ү.Бегімова, К.Әбжанова, мәдениет қайраткері А.Артықбаева, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері А.Байдалиева, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Қ.Айтжанова, артистер М.Пұшпақова, Н.Шыналиев, З.Көздібаева, Ұ.Баймаханов, А.Көшімбаев,  Е.Асанов, Д.Сабыров, М.Әбішева және Т.Әжімұратов сахналық табысқа толы образдар жасап, шығармашылық ізденіс жолындағы оң нәтижелерді көрсетті.
Спектакльді Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт Исабаев келіп тамашалады. Сондай-ақ, сол елде тұрып жатқан қандастарымыз спектакльден соң қазақстандық бауырлармен қауышып, спектакльден алған әсерлерімен бөлісті.
Театр ұжымының гастрольдік сапары әрі қарай Әзербайжан елінің көне қалаларының бірі – Шеки қаласында жалғасын тапты. 1300 жылдық тарихы бар бұл қала біздің театр сахналаған шығарманың авторы Мирза Фатали Ахундовтың туған жері екен. Аталған қалада жазушының балалық шағы өткен үй – қазіргі таңда М.Ф.Ахундов атындағы мұражай. Сондықтан автордың туған өлкесінде өнер көрсету біздің ұжым үшін үлкен жауапкершілік пен сын сағаты болып есептелді. Спектакль Сабит Рахман атындағы Шеки Мемлекеттік драма театрының сахнасында қойылды. Қойылымға көрермендермен бірге Шеки қаласы әкімінің орынбасары Зарина Джавадова, жергілікті мәдениет және туризм басқармасының басшысы Мирвари Зейналова, Қазақстанның Әзербайжандағы елшілік кеңесшісі Дархан Көшербаев және аталған театрдың директоры Хикмет Набили мен Әзербайжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Мирбала Салимли, театр және кино майталмандары қатысты. Спектакльден соң, сахна төріне театр директоры Х.Набили шығып, ұжымға үлкен алғысын жаудырып, сый-құрмет көрсетті.
Әзербайжандық өнер қайраткерлерінің пікірінше, спектакль жоғары шеберлігімен және сахнаның ұлттық дәстүріндегі әдептілігімен жергілікті қауымның ортасында үлкен бағаға ие болды. Осындай бағалау Қазақстан театр өнерінің жоғары деңгейде екенін, ұжым еңбегінің нәтижелі және сәтті гастрольдік сапар болып өткендігінің дәлелі болып табылады.


Ұлбосын ҚЫЛЫШБАЕВА,
театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
театртанушы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз