ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРЕДІ

53

0

Алдағы жылдан бастап бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында өзгерістер орын алмақ. Сонымен бірге, зейнетке шығатын әйелдер жасының ұлғаюына қатысты Заңға өзгерістер мен толықтырулар еніп, 2018 жылдан бастап жүзеге асырылатын болады.  
Жуырда Сырдария ауданы әкімдігінде «Зейнетақы қалай жұмыс істейді?» тақырыбында презентациялық кездесу өтті. Оған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының Сырдария ауданындағы қызмет көрсету орталығының басшысы Л.Есниязова, облыстық филиалдың «Барып қызмет көрсету» бөлімінің бас маманы Д.Бимақанов, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда филиалының бас маманы С.Кузимбетова, аудандық зейнетақы төлеу орталығының бас маманы Р.Оразбаев және мемлекеттік мекемелер мамандары мен тұрғындар қатысты. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова ашып, 2018 жылдың қаңтарынан бастап әйелдер жасының ұлғаятыны жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқаны туралы айтып берді. Ал БЖЗҚ Сырдария аудандық қызмет көрсету орталығының басшысы Л.Есниязова зейнетақы қорының мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыс әкімдігімен ынтымақтастық және өзара әріптестік жөніндегі меморандум талаптарын жүзеге асыру мақсатында тиісті сала мамандарымен бірге тұрғындардың сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. Осының негізінде, тұрғындар болашақта өздерін лайықты зейнетақымен қамсыздандыру мәселесін сауатты шеше білгендігін қалаймыз, – деді Л.Есниязова.  
Мұнан соң БЖЗҚ облыстық филиалдың «Барып қызмет көрсету» бөлімінің бас маманы Д.Бимақанов зейнетақы төлемін уақытылы төлеп, тексеріп отырғанның жөн екендігін айтты. Ол төрт жағдайда зейнетақы қорындағы ақшаны алуға болатынын атап көрсетті. Яғни, зейнеткерлік жасына жеткенде, басқа мемлекетке көшіп, тұрғылықты тұратындығы жөнінде анықтама алғанда және қайтыс болғанда оның мұрагерлері қордағы ақшаны ала алады. Сондай-ақ, мерзімі шектелмеген І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға зейнетақы қорындағы ақша беріледі.  
Кездесуде зейнетке шығатын әйелдер жасының ұлғаюына қатысты аудандық зейнетақы төлеу орталығының бас маманы Р.Оразбаев түсіндірді. «Орталықтан төленетін зейнетақы төлемдерін әйелдерге тағайындау 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 58,5 жасқа толғанда, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 59 жасқа толғанда жүргізіледі. Осылайша, әр жыл сайын 6 ай қосылып, 2027 жылдан бастап әйелдер 63 жастан зейнеткерлікке шығатын болады. Ал бес және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы тағайындау құқығы өзгеріссіз қалған», – деді ол. Сонымен қатар, зейнетақы жарналарын уақытылы аударып отыру талап етілетінін ескертті.  
Өз кезегінде бас маман С.Кузимбетова «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» туралы айтып берді.  
– Халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында құрылған қор әлеуметтік төлеуде тәуекелдің туындауына байланысты жоғалтқан табыстың бір бөлігін өтеуге арналған жүйе болып табылады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қатысу үшін жұмыс беруші әр қызметкерге ай сайын 5 пайыздық міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемін аудару керек. Бұл бәрімізге міндетті, – деді филиалдың бас маманы.  
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз