Жаңа форматтағы ҰБТ

52

0

Жаңа форматтағы ҰБТСейсенбіде облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің қатысуымен қаладағы №278 орта мектеп ғимаратында Ұлттық бiрыңғай тестілеудің жаңа форматын түсіндіру жөнінде жиын өтті. Оған Білім және ғылым министр¬лігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева, облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев және мектеп директорлары мен мұғалімдер, ата-аналар қатысты. 
Жиынды ашқан облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов жаңа жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы енгізілетінін атап өтті. Ал министрлiктен келген Ж.Жонтаева мектеп бітіруші түлектерді қорытынды мемлекеттік аттестациядан өткізудің ерекшеліктеріне тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, алдағы жылы ҰБТ жаңа форматта өтпек. Бұл өзгерістер оқушыларды емтихан барысында жаттанды емес, барлығын түсі¬ніп жауап беруге бағыттайды. Алдағы уақытта балалар жаңа ережемен жұмыс жасау керек. Мәселен, сауаттылық бойынша тапсырма оқу арқылы талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау және тағы басқа дағдыларын тексеруге бағытталған. Сауаттылықты тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ға енгізілу себебі – студенттік оқуда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, сол көздерден алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді. Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады, – деді Жаңыл Алпамысқызы. Сонымен бірге, ол Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы аясында енгізілген өзгерістер мен ерекшеліктер жайында алдағы уақытта да түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
Мұнан соң, Ж.Жонтаева мектеп мұғалімдерінің ұсыныстарын тыңдап, сауалдарына жауап берді. 
Оқушылардың он бір жыл бойы алған білімі сыналып, сарапқа түсетін кезең де осы Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны екендігі белгілі. Мамандардың сөзінше, бұл жаңа өзгеріс емтихан барысында оқушылар толыққанды білімін көрсетуге мүмкіндік бермек.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз