Жаңа мазмұндағы Жолдау

37

0

Жаңа мазмұндағы Жолдау Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деген тақырыппен жарияланды. Өткен жылы 25 жылдығын толайым табысқа қол жеткізген, мерейтойды жоғары деңгейде атап өткен еліміздің халықаралық аренадағы беделі күн санап артып келеді. 
Оның тағы бір айшықты дәлелі, өткен жылы қазақ елі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды. Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткізгелі отыр.
Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы – қай салаға болмасын тың серпін беріп, жаңа бастамалар мен жетістіктерге жол көрсететін басты құжат. Ағымдағы жылдан бастап Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар атқаратын жұмыстар ауқымды болмақ. Өйткені әлеуметтік саланың ішіндегі білім саласына Мемлекет Басшысы айрықша көңіл бөліп, нақты тапсырмалар берді. 
Жолдаудағы төртінші басымдық адами капитал сапасын жақсартуға, білім беру жүйесінің рөлін өзгертуге арналып отыр. Бұл ретте оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет. Осы мақсатта Үкіметке үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. 
Ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі таңда ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінде жарияланып, әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Оны меңгермей, Қазақстан жалпыұлттық прогреске жете алмайды. Елбасы 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту, мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, білікті педагогтардың жетіспеу проблемасының ескере келіп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек екенін атап өтті. 
Сонымен бірге 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастайды. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек. Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет екенін Мемлекет Басшысы баса айтты.
Осы орайда Қазақ елін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы атқаратын игілікті істеріміз бен толымды тірліктерімізді жүзеге асыруда, қоғам алдында келешек ұрпақты тәрбиелеуде білім саласы қызметкерлеріне артылар жүк салмақты. 
Бекжан ЕСЕНБАЕВ,
облыстық білім басқармасының
бөлім басшысы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз