БІЗДІҢ АУЫЛ ОСЫНДАЙ

118

0

«Азаматын қарап ауылын таны» дейді халық даналығы. Сол айтқандай «А.Тоқмағамбетов-ЛТД» ЖШС тізгінін елге жанашыр азамат Мырзағали Есжанов ұстағалы шаруашылықпен қатар ақиық ақын Асқар ауылы да өсіп-өркендеп келеді.
Үш-төрт жылдан бері басты дақыл – Сыр салысынан мол өнім алып, 60-тан астам ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отырған инвестор егістікке су келетін бірнеше каналдарды қаздырды. Ауыл мешітін күрделі жөндеуден өткізді. Елді мекен орталығына екі бірдей сәнді аялдама тұрғызды. Мәдениет үйінің, ауылдық аурухананың жөндеу жұмыстарына жәрдем берді. Шаруашылық жыл бойына ауылды дамыту мен тұрғындарды әлеуметтік қолдауға 7-8 млн теңге қаржы жұмсап отыр. Осылайша, бұрын көштен қалып келе жатқан ауылдың реңіне қан жүгірді. Елді мекендегі жарқын істер бүгінде жалғасын тауып жатыр.
Жуырда шаруашылық басшысының қолдауымен ауыл ардагерлеріне арналған бөлме және халыққа арзан бағамен сауда жасайтын «Ауыл» дүкені ашылды. Екі нысанның ашылуында ауыл әкімі Ғ.Алданазаров, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы П.Әлиакбаров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа нысандардың ел игілігі үшін қажеттігін атап өтті. Елді мекеннің «Әжелер» ансамблі әннен шашу шашты. Ауылдың батагөй ақсақалы Ж.Жәрекеев бата берді.
Ардагерлер бөлмесі кең де жарық ғимаратта орналасқан. Мұнда бильярд залы бар. Шахмат, дойбы тақталары қойылған. Бұл арнайы бөлме ардагерлердің жиі бас сұғып, ауылдағы келелі мәмлелерді талқыға салып, спортпен шұғылданып, бос уақыттарын тиімді пайдалануына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бильярдты көптеген ауылдардан қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. Бұл орайда асқарлық ардагерлердің айы оңынан туған ба дейсің.
Мереке құрметіне ардагерлер арасында бильярд, шахмат, дойбыдан жарыстар өткізіліп, жеңімпаздар анықталып, марапатталды. «Ауыл» дүкенінің алғашқы саудасы жасалды. Сауда орнының бағасы халықтың көңілінен шықты.
Ауылда осындай нысандар көбейе берсе, рухани дүниеміз бай болып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсара беретіні сөзсіз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ.
Сырдария ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз